Халық саны еселеп өсіп отырған Қарасай ауданында баспанаға мұқтаж жандар аз емес. Десе де, баспана кезегінде тұрған азаматтарды тұрғынүймен қамтамасыз етуде ілгерлеушілік бар. Соның жарқын бір мысалы, алдағы Астана күніне орай бір топ тұрғын үйлі болып, қуанышқа кенелді. Жаңа пәтердің кілттері аудан әкімдігінде табыс етілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Салтанатты шараны аудан әкімі Жасұлан Естенов ашып, жиналғандарды ғажайып ғимараттарымен, ерекше келбетімен көз тартатын Астана қаласының мерекесімен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына аз-кем тоқталып өтті. Одан кейін көптен күткен қуаныш иелеріне тұрғын үйлердің кілтін салтанатты түрде табыстады. Қолына пәтер кілтін алып, жүрекжарды қуанышқа кенелген 37 отбасы тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобына жатады. Олардың қатарында жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі баланы өсіріп отырғандар, көпбалалы және толық емес отбасылар болды. Жаңа баспана тұрғындарға «Арнау» тұрғын үй кешені және «Сәукеле» ықшам аудандарынан берілді.

Айта кету керек, өткен жылы ауданда «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын отбасыларға» сатып алу құқығынсыз мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж 85 отбасыға жаңа пәтер кілті табысталды. Бұл – тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Биылғы жылдың басынан бері тағы 36 отбасы баспаналы болды. Бүгінгі таңда олардың қатарын 37 отбасы толықтырып, көптен күткен қоныстойын атап өтуде. Осылайша соңғы бір жарым жыл ішінде 158 отбасы өз шаңырағына ие болды.

Мұның бәрі – халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі.

«Баспана – тұрақтылық пен сенімділіктің кепілі», – деген аудан әкімі алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынын атап айтты.

Алматы облысы.