Бокстан Астанада өтіп жатқан Әлем кубогында Назым Қызайбай кезекті жеңісіне қол жеткізіп, жартылай финалға шықты. Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Әлем кубогының үшінші жарыс күні басталды.
Рингке бірінші болып 3 дүркін әлем чемпионы, 48 келідегі Назым Қызайбай шықты. Ол ширек финалда Азия чемпионы, өзбекстандық Фарзона Фозиловамен кездесті.
Бірінші раунд тартысты өткенімен, қалған раундтарда Назым басымдық танытқан. Есеп: 5:0.
Осылайша, Қазақстан құрмасынан екінші боксшы жартылай финалға өтіп отыр. Бұған дейін 75 келідегі Надежда Рябец 1/2 финалға шыққан еді.
Айта кетейік, жалпы, бүгін Назымнан бөлек, тағы жеті қазақ боксшысы шаршы алаңға шығады.