Астанада бұрынғы мектеп директоры мен бас бухгалтерге қатысты тергеу тергеу жүргізіліп жатыр. Олар 900 млн теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдікке ілінген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті Астана қаласы әкімдігіне қарасты" №81 Astana English School халықаралық мектебі" КММ-нің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізуде.

Астана қаласы бойынша ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, бұрынғы директор мен бас бухгалтердің 900 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны анықталды.

Бұл соманың бір бөлігі – ата-аналардан дайындық сыныптарына оқыту және жазғы лагерьге қатысу үшін қолма-қол алынған ақша, алайда бұл қаражат мекеме шоттарына түспей, ұрланған", — делінген хабарламада.

Агенттіктің мәліметінше, сонымен қатар шамамен 16 млн теңге іс жүзінде ұйымда жұмыс істемейтін жалған қызметкерлер атына аударылған. Олардың қатарында күдіктілердің жалған түрде рәсімделген туыстары да бар.

"Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған табыстарға жалпы құны 382 млн теңгені құрайтын мүлік сатып алған: коттедж, елордада екі пәтер және автокөлік. Сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды", — делінген хабарламада.

Агенттік өкідері Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын айтты.