АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияға салынған санкцияларды алып тастау туралы президенттік жарлыққа қол қояды. Бұл туралы Ақ үй хабарлады, деп жазады Анадолыға сілтеме жасаған Kazinform.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт күнделікті баспасөз конференциясында мәлімдеме жасады. Ливитт АҚШ-тың Сирияға қарсы санкциялар бағдарламасын тоқтату туралы жарлыққа Трамп қол қоятынын мәлімдеген.

"Бұл — елдің тұрақтылық пен бейбітшілік жолына түсуіне қолдау көрсетуге бағытталған әрекет", — деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы.

Трамптың жарлығына қатысты пікір білдірген Ливитт тек Сирияға қатысты санкция алынатынын нақтылады.

"Жарлық Сирияға қарсы санкцияларды алып тастайды, бірақ елдің бұрынғы президенті Башар Асад, оның жақтастары, адам құқықтарын бұзушылар, есірткі саудасымен айналысатындар, химиялық қару жасауға қатысы бар тұлғалар, ДАИШ пен онымен байланысы бар ұйымдар, сондай-ақ Иранның прокси топтарына қатысты санкциялар күшінде қалады", — деді ол.

Сондай-ақ ол Трамптың Таяу Шығысқа жасаған сапары барысында Сирияның жаңа басшысымен кездесіп, санкцияларды алып тастауға уәде бергенін еске салды.

"Президент тұрақты, біртұтас және өзімен де, көршілерімен де тату өмір сүретін Сирияны қолдауға бейілді", — деп түйіндеді Ақ үй өкілі.