Шешенстан басшысының 17 жастағы ұлы Адам Қадыров үйленді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Түрлі ақпарат көздері оның жары Рамзан Қадыровтың жақын серігі, Мемлекеттік дума депутаты Адам Делимхановтың немересі екен. Үйлену тойы Қадыровтар отбасының ата-бабалар мекені Ахмат-Юрт (бұрынғы Центорой) ауылында өтті.
"Кавказ.Реалии" басылымының мәліметінше, Адам Қадыровтың үйлену тойы 28 маусым күні Ахмат-Юрт ауылында болған. Адамның әпкесі Айшат Қадырова қалыңдықтың есімін жариялады. Оның есімі Медни, өзі де Ахмат-Юрттан шыққан, бұл ауылда Қадыровтардың жоғары лауазымды туыстары тұрады.
Той күні республика аумағында жолдар жабылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Кортежді алып жүруге Шешенстанның барлық ауданынан жол-патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдырылды.
Адам Қадыровтың үйленгенін оның әкесі, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров растады. Ол бұл туралы Telegram-арнасында жазып, ұлының некеге отырар алдында Ресей президенті Владимир Путиннен жеке құттықтау алғанын хабарлады.
Сонымен қатар басқа телеграм арналарда Адам Қадыровтың үйлену тойынан суреттер жарияланды. Сарапшылар оның қолында Jacob & Co. Billionaire ASHOKA маркалы, 320 бриллиантпен безендірілген сағат болғанын анықтады. Бұл сағаттың бағасы 27,7 миллион доллар (14 356 300 000 теңге).
Айта кетейік, Ресей Федерациясының Отбасы кодексінің 13-бабына сәйкес, некеге тұру жасы 18 жас. Алайда ерекше себептермен кәмелетке толмағандарға (16 жастан бастап) жергілікті өзін өзі басқару органдары рұқсат бере алады.