Жыл сайынғы еңбек демалысы — әр қызметкердің құқығы. Бірақ демалыстың қай айда тиімді болатыны, жалақыға қалай әсер ететіні, мерекелік күндердің есепке алынуы сияқты сұрақтар көпшілікті мазалайды. Осы ретте El.kz интернет порталының тілшісіне фрилансер бухгалтер Гүлбану Тиллабек еңбек демалысы қалай есептелетінін, қандай жағдайда ұзарып немесе қысқарып кетуі мүмкін екенін түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, демалыстың тиімді мерзімі жұмыс күндерінің санына байланысты, ал мерекелер қосымша күн ретінде есептеледі, бірақ қосымша ақы төленбейді.
Фрилансер бухгалтер Гүлбану Тиллабектің айтуынша, еңбек демалысының ұзақтығы күнтізбелік күнмен есептеледі. Бұл дегеніміз — демалыс кезеңінде жұмыс күндерінің саны әр айда әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, мұғалімдер жазғы демалысқа шыққанда, нақты қай күннен басталғанына қарай жұмыс күндерінің саны өзгеріп отырады.
2025 жылы маусымның 1 немесе 2-сінен демалыс басталса, 39 жұмыс күні болады, ал шілденің 1-інен басталса — 40 жұмыс күні. Яғни, бір күн айырмашылық байқалады дейді.
Сонымен қатар маман егер демалыс кезеңіне мемлекеттік мереке күндері тап келсе, олар да еңбек демалысына қосылатынын жеткізді. Мысалы, егер демалыс 56 күнге жоспарланған болса, оған Құрбан айт сияқты бір күндік мереке қосылса 57 күн факті бойынша демалыс болады. Бірақ құжат жүзінде «56 күн + 1 мерекелік күн» деп көрсетіледі.
Қай айда еңбек демалысына шыққан тиімді?» деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Себебі әр қызметкер демалысқа жылдың әртүрлі кезеңінде, әртүрлі ұзақтықта шығады. Еңбек демалысын кейбір мекемелерде бөліп-бөліп алуға да болады (мысалы, 2 апта бөлек, 1 апта бөлек). Сондықтан әрбір жағдай жеке қарастырылады, – дейді бухгалтер Гүлбану Тиллабек.
Дегенмен, егер сіз ұзақ мерзімді демалыс жоспарласаңыз, жұмыс күні көп айларды таңдағаныңыз жөн. Мысалы, 2025 жылдың мамыр айында – 19 жұмыс күні, сәуір айында – 22 жұмыс күні.
Сол себепті, егер сіз мамырдың 1-інен бастап демалсаңыз, жалақыңыз аздау болуы мүмкін. Өйткені еңбек демалысы төлемі көбіне жұмыс күнінің орташа жалақысына байланысты есептеледі.
Жалпы алғанда, жаз бен қысты, немесе бір жыл ішіндегі әртүрлі айларды нақты салыстыру қиындау. Себебі әр айда мереке және демалыс күндерінің саны өзгеріп отырады. Сонымен бірге, кейбір мерекелер демалыс күндеріне түсіп кетсе, қосымша демалыс (мысалы, дүйсенбі) берілуі мүмкін, ал кейбірінде берілмейді.
Сол себепті, «Қай айда демалған тиімді?» деген сұраққа жалпылама жауап беру мүмкін емес. Ол тек нақты күндермен салыстырғанда — мысалы, «1 маусымнан бастап па, әлде 1 шілдеден бастап па демалған тиімді?» — деген сияқты нақты жағдайда ғана белгілі болады. Егер сізде демалысқа шығу уақыты бойынша таңдау болса, ең дұрысы — жұмыс күні көп айды таңдағаныңыз. Ал мерекесі көп айда жұмыс істеген тиімдірек, өйткені мерекеде де демалыс болады, – дейді Фрилансер бухгалтер Гүлбану Тиллабек.
Жыл сайынғы еңбек демалысы
- Қызметкердің жұмыс орны мен орташа жалақысы демалыс кезінде сақталады.
- Еңбек демалысы негізгі (24 күн) және қосымша болып бөлінеді.
- 24 күн — жыл сайынғы демалыстың стандартты ұзақтығы, яғни айына 2 күн есептеледі.
- Демалыс күндері қызметкердің нақты жұмыс істеген уақытына сәйкес есептеледі.
- Егер қызметкер 2 жыл қатарынан демалыс алмаса, жұмыс берушіге айыппұл салынады.
- Қызметкер демалысты үш бөлікке бөле алады, бірақ бір бөлігі кемінде 14 күн болуы тиіс.
- Демалыс жоспары дайын болса, қызметкер өтініш жазбай-ақ демалысқа жіберілуі мүмкін.
- Бірнеше жерде жұмыс істеген қызметкердің негізгі жұмысы бойынша демалысы беріледі.
Демалыс мерзімін ауыстыру және шақыру
- Егер демалыста сырқаттанып қалса немесе бала күтімінде болса, қызметкердің демалысы басқа уақытқа ауыстырылуы мүмкін.
- Демалыстан шақыру үшін қызметкердің жазбаша келісімі қажет.
- 18 жасқа толмағандар, аяғы ауыр әйелдер және қауіпті жұмыстардағы қызметкерлерді демалыстан шақыруға болмайды.
Қосымша демалыс
- Қауіпті және ауыр жұмыстарда істейтіндерге, мүгедектерге, экологиялық апат орындарында жұмыс істейтіндерге қосымша демалыс беріледі.
Әлеуметтік демалыс
- Жеке өмір жағдайларына байланысты беріледі, еңбекақы төленбейді және ауыстырылмайды.
- Ақысыз демалыс
- Мысалы, неке қию, бала туу, жақын туыстардың қайтыс болуы сияқты жағдайларда 5 күнге дейін ақысыз демалыс беріледі.
Басқа себептер бойынша ақысыз демалыс алу үшін жұмыс берушімен келісу қажет.
Оқу және медициналық демалыс
Студенттер оқуға байланысты, ал қызметкерлер скрининг немесе медициналық есепке тұру үшін демалыс алады.
Бала көтеру және босану
- Аяғы ауыр қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздық парақшасымен демалысқа шығады.
- Бала туғанға дейін және туғаннан кейінгі демалыс ұзақтығы босану жағдайына байланысты өзгереді.
- Нәресте асырап алған қызметкерлерге де арнайы демалыс беріледі.
- Бала үш жасқа толғанға дейін туыстарына ақысыз демалыс қарастырылған.
Демалыс ақысы
- Демалыс ақысын мерекелік күндер есепке алынбайтын орташа еңбекақы негізінде есептейді.
- Төлем демалыс басталғанға дейін 3 жұмыс күні ішінде төленеді.
- Егер мереке демалысқа сәйкес келсе, демалыс ұзақтығы ұзартылады, бірақ мереке күндері үшін қосымша төлем жоқ.