Қазір Қатар мемлекеті жаһандық медиа орталықты қалыптастыруға бағытталған ауқымды стратегиясын жүзеге асырып жатыр . Табиғи газ қорларымен, футболдан әлем чемпионатын ұйымдастыру сияқты тарихи жетістіктерімен әйгілі ел енді медиа саланың да аймақтық көшбасшысына айналуды көздеп отыр.

Қатар медиа кеңістігінің негізін мемлекеттің тікелей немесе жанама қолдауына ие болған құрылымдар құрайды. Орталық рөлді негізгі мемлекеттік медиахолдинг ретінде жүргізілетін Қатар Медиа Корпорациясы (Qatar Media Corporation, QMC) атқарады. QMC ұлттық телеарналар, радиостансалар, сондай-ақ баспа және цифрлық басылымдар сияқты кең ауқымды активтерді басқарады. Корпорация қаржысының 75 пайыздан астамы мемлекеттік бюджеттен қамтамасыз етіледі, ал оның қызметкерлері 4 мың адамнан асады.

Дүниежүзілік спорттық тарату аренасында «beIN MEDIA GROUP» танымал көшбасшы ретінде үстемдік етеді. Топ араб, ағылшын, француз, испан және түрік тілдерін қоса жеті тілде хабар таратып, 43 елдегі аудиторияны қамтиды. Оның Еуропаның көшбасшы футбол чемпионаттары мен УЕФА кубогі сияқты беделді спорттық жарыстарды көрсетуге эксклюзивті құқықтары бар. «beIN SPORTS» арналары кабельдік және спутниктік операторлар арқылы Ресейде және ТМД елдерінде де кең таралған.

Қатардың медиастратегиясында 1996 жылы құрылған және ең ық­палды халықаралық жаңалықтар ойын­шыларының біріне айналған «Әл-Джазира» корпорациясы ерекше орын алады. Араб, ағылшын және басқа да тілдерде эфирге шығатын холдингтің аймақта бұрын-соңды болмаған 80-нен аса шетелдік бюросы және 3 мыңнан аса қызметкері бар. Корпорация деректері бойынша, оның ай сайынғы аудиториясы бүкіл әлем бойынша 310 миллионнан аса көрерменді құрайды. «Әл-Джазира» өзін тәуелсіз жаңалықтар көзі ретінде позициялайды және зерттеулерге сәйкес, араб әлеміндегі ең сенімді телеарна.

Қатарда жеті негізгі күнделікті газет шығады, төртеуі – араб тілінде («Al-Arab», «Al-Raya», «Al-Sharq», «Al-Watan»), үшеуі – ағылшын тілінде («Gulf Times», «Qatar Tribune», «The Peninsula»). Al-Arab-тың тарихи маңызды бар, өйткені бұл – тәуелсіздік алғаннан кейін (1972 ж.) жарық көрген алғашқы газет. Бірақ бүкіл әлемдегідей қатарлық баспасөз де цифрландыру сынына тап болды. «Media Use in the Middle East 2019» (Northwestern University in Qatar) зерттеуіне сүйенсек, Қатар газеттерінің аудиториясы 2013 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде 50 пайызға қысқарғанын анықтады. Бұл тұтынушылардың онлайн-ақпарат көздеріне ауысуының жаһандық тенденциясын көрсетеді.

Жаңа медиада жұмыс істей алатын кадр­ларды даярлау үшін білім беру мекеме-лері арнайы бағдарламаларды енгізіп жатыр. 2024 жылы Қатардағы Солтүстік-Батыс университеті (Northwestern Qatar) Жасанды интел­лект бастамасын (AI) іске қосты. Бұл бас­тама ЖИ саласындағы зерттеу­лер мен білім беруді ілгерілетуге ба­ғыт­талған. Бұл Қатардағы Карнеги-Меллон университетімен бірлескен оқу бағдарламаларын әзірлеуді, ЖИ және Медиа зертханасын (AIM Lab) құруды және оқытушылар құрамы үшін кәсіби даму бағдарламасын енгізуді қамтиды.

Қатар медиа ресурстарды стра­те­гиялық ықпал ету мен елдің оң имиджін қалыптастыру мақсатында тиімді пайдаланатын әлемдік ақпараттық аренадағы ықпалды ойыншы ретінде өз рөлін сенімді нығайтып келеді.

Балым ЖАМХАН,

Қатардағы америкалық Northwestern University студенті