Төрт банктен 4,8 млн теңгенің несиесін алған соң жұмыстан шығып кеткен тараздық азаматтың өз-өзін банкрот деп жариялануына сот жол бермеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тараз қалалық соты азаматша А-ның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы талап қою арызы бойынша азаматтық істі қарады. Талап қоюшы жалпы қарыздар сомасы 4,8 млн теңге құрайтын банктер алдындағы қарыз міндеттемелері бойынша берешегі бар екендігін айтып сотқа жүгінді. Қарыз қаржылық қиындықтардың нәтижесінде пайда болған. Қазіргі уақытта талап қоюшы 130 мың теңге көлемінде зейнетақы алады, қосымша табысы, атында жылжымалы және жылжымайтын мүлкі жоқ.
Төрт банктің өкілдері соттан А-ның талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.
"Олардың пікірінше, бір кредитор алдында орындалмаған міндеттемелері бар өтініш беруші төлем қабілетсіздігі критерийлеріне сәйкес келу үшін дебиторлық берешекті ұлғайту үшін басқа банктерден қарыздар рәсімдеген. Бұл әдейі жасалған банкроттықты көрсетеді", делінген сот хабарламасында.
Сот анықтағандай, қаржы басқарушының қорытындысы өтініш берушінің отбасылық жағадайы, жұбайына тіркелген ортақ бірлескен мүлікке үлесінің болуы, өтініш берушінің жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені, үшінші тұлғалардың өтініш беруші алдындағы борыштық міндеттемелердің болуы туралы мәліметтер жоқ. Яғни, қаржы басқарушысы борышкердің қаржылық жағдайын анықтау бойынша жұмысты тиісінше жүргізбеген.
Несие берушілер А-ның сотқа жүгініп, қарыздары бойынша төлемдерді іс жүзінде тоқтатқанын атап өтті, ал өтініш берушінің өкілі оны жоққа шығармады. Бұл оның жосықсыз мінез-құлқын көрсетті. Дәлелдемелер төлем қабілеттігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін негіздердің жоқтығын көрсетті. Өтініш беруші әдейі несиелер рәсімдеу және жұмыстан босату туралы өтініш беру, яғни қосымша табысынан айырылу арқылы қаржылық жағадайын нашарлатты.
"Сот А-ның сотқа өтініш беру кезіндегі әрекеттері кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындауға емес, олардың орындалуын кейінге қалдыруға бағытталған деп санады. Сотқа дәлелдемелер толық көлемде ұсынылмады. Сот талап қою арызды қанағаттандыру үшін құқықтық негіздердің жоқтығы туралы қорытындыға келіп, талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартты". Тараз қалалық сотының баспасөз қызметі
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Айта кетсек, Маңғыстау облысында алимент төлеуден жалтарған 19 адам сот үкімімен жазаланды.