2025 жылғы 27 маусымда ҚР Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Әзімова Парламент палаталарының бірлескен отырысында соңғы бір жарым жылдағы елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін Конституциялық сотқа 10,5 мыңнан астам азаматтық өтініш түскен, оның үштен бірі соңғы 1,5 жылдың ішінде тіркелген.
"Көпшілігі қылмыстық, әкімшілік, азаматтық, жер, салық және әлеуметтік заңнама нормаларына қатысты. Көптеген өтініштерде заңнаманы жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар мен қолданыстағы нормаларға құқықтық түсіндіру сұраныстары бар. Бұл – азаматтардың не ойлайтыны, нені талдап, қандай ұсыныстар беріп жатқанын көрсететін белгі. Мұндай азаматтық құқықтық сананың өсуі заң шығарушылар мен мемлекеттік органдар тарапынан кері байланыс пен нақты әрекетті талап етеді. Біз Әділет министрлігі мұндай бастамаларды "Ашық НҚА" жобасы мен құқықтық кеңестер аясында, жасанды интеллектіні пайдалану арқылы да, ескеруі керек деп есептейміз", – деді ол.
Конституциялық Сот төрағасы заң шығару күн тәртібі аясында келесі мәселелерді қарауды ұсынды:
- Сот процесінде алқа билерін алмастыру тәртібі, баланың ұлтын анықтау және көрсету, асырап алу институтын жетілдіру, алименттік міндеттемелерді орындау мәселелері бойынша құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, Қылмыстық-процестік кодекске, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске және басқа да қатысты заң актілеріне өзгерістер енгізу.
- Азаматтық кодекске ойын бизнесін, мұрагерлік пен сақтандыруды реттеудегі құқықтық анық еместікті жою мақсатында өзгерістер енгізу.
- Әлеуметтік кодекске жұмыс істемейтін ата-ананың кішкентай балаға тікелей қараған уақытын еңбек өтіліне есептеу арқылы зейнетақы төлемдерін тағайындау, сондай-ақ қазіргі жағдайды ескере отырып, белгілі бір санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғау тәсілдерін қайта қарау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу.
- Зейнетақы жинақтарын сақтандыру мен қорғауға қатысты ережелердегі азаматтық және әлеуметтік заңнамалар арасындағы құқықтық қайшылықтарды жою.
- Соттылығы өтелген немесе алынған адамдарды мемлекеттік қызметке қабылдау салдарлары туралы мәселені қарау.
- Келесі мәселелерді құқықтық тұрғыда реттеу:
- Қазақстан азаматтарының жеке пайдалану үшін көлік құралдарын уақытша әкелуі;
- Жеке және заңды тұлғалардың жер телімдерін жалға алу байқауларына қатысу шарттары;
- Қылмыстық-атқару жүйесінде адам құқықтарының сақталуы.
"Құқықтық айқындық, тепе-теңдік пен болжамдылық қағидаттары – заңға деген сенімнің негізі әрі конституциялық құқықтарды тиімді іске асырудың кілті. Конституциялық соттың қорытынды шешімдері заң шығару үдерісі мен құқық қолдану тәжірибесінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Конституция нормасы мен оның қолданылуы арасындағы байланысты сақтай отырып, біз азаматтардың заңға деген сенімін нығайтамыз. Бұл өз кезегінде мемлекеттілігімізді, бірлігімізді және тәуелсіздігімізді күшейтуге қызмет етеді", – деп атап өтті спикер.
Бұған дейін Қазақстан баланың азаматтығын беру тәртібін қайта қарауы мүмкін екенін жазғанбыз.