2025 жылғы 27 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Мәди Тақиев Қазақстанда бюджетті жоспарлау кезінде не өзгеретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Қаржы министрлігінің басшысы өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты жасалған қорытындыларға тоқталды.
"2024 жылы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану көлемі 372 млрд теңгені құрап, 24%-ға төмендеді. Бюджет қаражатын игермегені және көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін 73 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды, оның 67-сі басшылық қызметте болды", – деді Мәди Тақиев.
Оның айтуынша, жыл ішінде өндірістік емес шығыстар да, басым емес шығындар да оңтайландырылған.
"Депутаттардың квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне және олардың жауапкершілігіне қатысты ұсыныстарын ескердік. Биылдан бастап Парламентте бюджетті жоспарлау кезінде және үкіметтің есептерін қарау кезінде квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының есептері тыңдалатын болады", – деп сендірді Қаржы министрлігінің басшысы.
2025 жылғы 18 маусымда Мәжіліс депутаттары үкімет пен Жоғарғы есеп палатасының 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебін тыңдап, өз бағасын берді.