New Indian Express басылымында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Үндістанның Азаматтық авиация министрлігі 12 маусымда апатқа ұшыраған Air India әуе компаниясының ұшағының қара жәшіктерінен мәліметтер сәтті түрде алынғанын хабарлады. Бұл туралы Анадолыға сілтеме жасаған Kazinform жазды.

Министрліктің мәліметінше, тергеу тобы қара жәшіктерден "жад модуліне" ойдағыдай қол жеткізіп, онадғы ақпаратты оқып шыққан. Қазіргі таңда талдау жалғасып жатыр. Осылайша апатқа себеп болған оқиғалар тізбегін қалпына келтіруге, оған әсер еткен факторларды анықтауға және авиациялық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік туындамақ.

Еске сала кетейік, апаттан кейін бірнеше күн ішінде қара жәшіктер табылған болатын. AI171 рейсімен ұшқан жолаушылар ұшағы Ахмадабадтағы Сардар Валлабхай Пател атындағы халықаралық әуежайынан Лондондағы Гатвик әуежайына бағыт алған.

Алайда ұшып шыққаннан көп ұзамай, Мегани-Нагар тұрғын ауданына құлап, апатқа ұшырады. Апат салдарынан ұшақ бортындағы 229 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі, сондай-ақ жерде болған 29 адам қаза тапты. Ұшақ апатынан мерт болғандардың нақты саны ДНҚ сараптамасынан кейін жарияланатыны айтылған еді.