Қазақ актёрі Саннұржан Сүлеймен, режиссёр әрі продюсер Еркен Ялгашев, дыбыс режиссёрі Думан және актриса Айдана Сахари АҚШ-та жол апатына ұшыраған америкалық жүргізушіні құтқарып қалды, деп хабарлайды kazinform.kz.
Оқиға Лос-Анджелес маңында болған. Қазақстанның кино түсіретін тобы жол-көлік оқиғасының болғанын көрген.
Америкалық жүргізуші көлікті басқара алмай, үлкен жылдамдықпен жол жиегінен шығып кетіп, орман ішіндегі терең жарға құлап, ағаштарға соғылған соң көлігі өртеніп кеткен.
Еркен Ялгашев бірден 911 құтқару қызметіне қоңырау шалған. Ал Саннұржан еш ойланбастан көлікке қарай жүгіріп барып, жанып жатқан көліктің ішінен жүргізушіні алып шыққан. Актёрдің ерлігінің арқасында ер адам аман қалды.
Кейін оқиға орнына жедел жәрдем қызметі келіп, зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетті. Ол жеңіл жарақаттар алғанымен, денесінің біраз бөлігін ауыр күйік шалған.
27 жастағы Саннұржан Сүлеймен қазақстандық көрермендерге Ақан Сатаевтың "Районы" фильміндегі рөлі арқылы танымал. Сондай-ақ ол "Рэкетир-2" және "Бизнесмены" фильмдерінде эпизодтық рөлдерде ойнаған.