Қазақстанда жыл басынан бері 4 тоннадан астам есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Zakon.kz.
ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбектің мәлімдетінше, 2025 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда есірткіге қатысты 1 445 қылмыс тіркеліп, олардың 991-і сату фактісі ретінде анықталған. Сонымен қатар аса ірі мөлшерде сақтау бойынша 165 дерек тіркелген.
Заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 476 келі синтетикалық есірткі бар. 18 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.
"Интернет желісі арқылы есірткі қылмыстарын анықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері Мәдениет және ақпарат министрлігіне 16 мыңнан астам есірткі сайттарын бұғаттау жөнінде сұраныс жіберілген. Алайда бүгінде есірткі жарнамасы "жасырын" сипатқа көшіп, хабарландыру сайттары арқылы таралып жатыр", — деді Шұғыла Тұрлыбек.
Биыл "Қарасора" операциясы аясында 299 есірткі құқықбұзушылығы анықталды, оның ішінде 168-і қылмыс. Заңсыз айналымнан 1 тонна 788 келі есірткі, 6 тонна прекурсор тәркіленіп, 7 155 түп қарасора жойылды. Барлығы 272 адам ұсталды.
"Түркістан облысында трамадол препаратын заңсыз сатумен айналысқан бір ұйымдасқан топ құрықталды. Сондай-ақ төрт есірткі зертханасы жойылып, олардың екеуі синтетикалық заттар өндірсе, қалған екеуі фитозертхана болған", — деді ІІМ баспасөз хатшысы.
Одан бөлек, Абай, Павлодар және Жамбыл облыстарында үш ірі ішкі есірткі арнасы жойылды.
"Қарасора өсетін аймақтарды бақылау үшін Ұлттық ұланның тікұшақтары мен Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз аппараттары қолданылып жатыр. Бұл құрылғылар шөлді, қолжетімсіз аймақтарда есірткі өсімдіктерін бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ орманшылармен, геологиялық барлау компанияларымен, шаруа және аңшылық қожалықтарымен тығыз әріптестік орнатылған", — деді спикер.