Қазақстандық актёр Санұржан Сүлеймен АҚШ-та, Лос-Анджелес маңында болған жол апаты кезінде адам өмірін сақтап қалуға себепші болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Jibek joly телеарнасындағы "Бүгін.live" бағдарламасына сілтеме жасап.
Jibek joly телеарнасының мәліметінше, көлік жардан құлап, бірден отқа оранған. Актёр жалынның ортасында қалған жүргізушіні құтқарып қалды.
Оқиға куәгері, актриса Айдана Сахаридің айтуынша, Саннұржан Сүлеймен көлік құлаған жарға әрең түскен. Абырой болғанда көлік өзен маңына құлаған.
"Бірінші болып жүгіріп бардық. Саннұржан маған бармай-ақ қой деп кеңес берді. Қорқынышты болды, көп ұзамай бірнәрсе жарылды. Көлік өртене бастады. Оған шелек сияқты нәрсе керек болды. Өйткені көлік дәл өзеннің жанына құлаған", — дейді ол.
Оқиғаның тағы бір куәгері Еркен Ялгашев Kazinform агенттігіне көлік жүргізушісін жардан қалай алып шыққанын айтып берген. Оның айтуынша, бірден 911 құтқару қызметіне қоңырау шалған. Салмағы ауыр жүргізушіні 15 метрлік терең жардан шығару үшін Саннұржан, Еркен, Думан есімді қазақстандықтар және екі мексикалық азаматтың көмегі қажет болған.
Агенттіктің мәліметінше, кейін оқиға орнына жедел жәрдем қызметі келіп, зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетті. Ол жеңіл жарақаттар алғанымен, денесінің біраз бөлігін ауыр күйік шалған.