Almaty Theatre сахнасында "Балет нені жасырды" қойылымының премьерасы өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің баспасөз қызметінен.

Мемлекеттік академиялық би театры бір актілі заманауи "Балет нені жасырды" қойылымын сахналады. Қойылым 57-ші театр маусымын жапты.

Аталған балет сахна сыртындағы жасырын әлемнің сырын ашады.

Көрерменге боямасыз, ирония мен сезімге толы, әртістердің шынайы өмірі туралы баяндайды.

Балет премьерасы балетті сүйіп көретін тұрақты көрермен үшін де, бұл өнермен алғаш танысқан жандар үшін де нағыз жаңалық болды. Бұл — тек музыкамен үндескен шебер қимылдар ғана емес, адам жаны мен тәні арқылы сипатталған шынайы оқиға.

Қойылымда ішкі қайшылықтан тұратын әртіс өмірі, шабыт пен тоқырау, бағалау секілді сезімдер айқын суреттеледі. Бұл спектакль жанрлық шекараны жойды деуге болады. Себебі көрермен бір мезетте комедияны да, драманы да, трагедияны да тамашалады. Би театрының әртістері әр нөмірін кәсіби шеберлікпен орындады. Әр қимылға сезім, әр қозғалысқа жан бітірді. Бұл қойылым әр әртістің шығармашылық шекарасын кеңейтіп, еркіндік сыйлады.