Бәрімізге таныс сән индустриясын көбінесе арулармен байланыстырып жатамыз. Алайда жігіттер де өз орнын табуда. Соның бірі — 19 жастағы Асанәли Данияров. Бастау ауылынан шыққан қазақ жігіті небәрі бір жарым жыл ішінде Милан подиумын бағындырып, FENDI, Prada және Loewe сынды әйгілі брендтердің көрсетілімдеріне қатысып жүр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Модельдік индустрияда өзінің жарқын бейнесімен танылып жүрген 19 жастағы жас модель Асанәли Данияров биылғы жылы халықаралық сән апталарында нағыз сенсацияға айналды. Silence Models агенттігінің тәрбиеленушісі Милан сән апталығында алғаш рет подиумға шықты. Ол бірден FENDI, Prada және Loewe сынды әйгілі брендтердің көрсетілімдеріне қатысты.

Қарапайым ауыл баласы әлемдік сән сахнасын бағындырды

жеке мұрағат

Қарапайым ауылдан — әлемдік сән сахнасына

Асанәлидің туған жері — шағын ғана Бастау ауылы. Ол 12 жасына дейін сол ауылда өмір сүріп, кейін үлкен қалаға қоныс аударады. Ал моделингпен айналыса бастағанына небәрі бір жарым жыл ғана болды. Бүгінде ол Астанада тұрады, алайда жылына бірнеше рет Еуропаға ұшып, сән апталықтарына қатысады.

Моделинг мені ешқашан аса қызықтырмаған еді, өзімді ерекше деп санамадым, модель боламын деп те ойламадым. Бірақ әпкемнің арқасында бәрі өзгерді. Ол мені кастингке баруға көндірді. Қазір оған және бүкіл отбасымa үлкен алғыс айтамын, — дейді Асанәли.

Алғашқы кастинг — Louis Vuitton

Модель ретінде алғашқы ірі қадамы — Louis Vuitton брендінің кастингі болды. Ол кезде тәжірибесі мүлде болмаған Асанәли қатты қобалжығанын жасырмайды. Дегенмен, бұл оның үлкен жолының басы ғана еді.

Мен Silence Models агенттігінде жұмыс істеймін, дәл осы жерде маған бәрін үйретіп, Еуропадағы Viva Model Management агенттігімен келісімшарт жасауға көмектесті. Осындай беделді агенттіктермен жұмыс істеу – керемет әсер, – дейді ол.

Милан қаласындағы алғашқы көрсетілімі Fendi брендінің сахнасында өтті.

Қарапайым ауыл баласы әлемдік сән сахнасын бағындырды

жеке мұрағат

Сахнаға шыққанда қатты қобалжыдым, бірақ бұл менің мансабымдағы шын мәніндегі үлкен сәт болды, — деді Асанәли.

Осы маусымда Асанәли Prada және Dolce & Gabbana сияқты әлемдік сән үйлерімен жұмыс істеп үлгерді. Prada көрсетілімінде алғаш рет өз-өзіне сенімділік пайда болғанын айтады.

Жеңістің сыры — мақсат пен еңбек

Асанәлидің айтуынша, модель болу үшін ең алдымен сенім мен табандылық қажет.

Мені ең қатты шабыттандыратын нәрсе – басқа модельдердің жігері мен мақсатқа ұмтылысы. Уақыт өте келе түсіндім: осы қасиеттерсіз нағыз мықты модель болу мүмкін емес. Модельдік индустрияға жаңадан келген кезде менің кумирім Леон Дэйм болды. Оның жасағандары мені қатты шабыттандырды, мен тезірек ірі көрсетілімдерге қатысуды армандадым және ол мақсатым орындалды. Алғаш бастағанда Леон Дэймге қатты қызықтым. Ол маған шабыт берді. Қазір біз бір агенттікпен жұмыс істейміз — бұл арманымның орындалғаны сияқты, — дейді ол.

Саланың ішкі қиындықтары жайлы да ойын айта кетті.

Қарапайым ауыл баласы әлемдік сән сахнасын бағындырды

жеке мұрағат

Шынымды айтсам, менде бұл индустрияда аса күрделі мәселелер болған жоқ, тек аздап терімен байланысты ұсақ-түйек қиындықтар болды. Бәрі жақсы өтті, — дейді жас модель.

Өмірден тыс қызығушылықтары

Сән әлемінен тыс Асанәли спортты жақсы көреді — футбол, баскетбол, волейбол сынды спорт түрлерімен айналысқанды ұнатады. Сонымен қатар, бос уақытында компьютерлік ойындарға да қызығушылығы бар.

Болашаққа жоспар және кеңестер

Асанәлидің басты арманы — табысты модель болып, Қазақстанның атын әлемге таныту. Жаңадан бастағандарға берер кеңесі де айқын: «Модельдік мансабын енді бастап жатқан жандарға берер басты кеңесім — өзіңізге сеніңіз. Менің ойымша, өз-өзіне деген сенім — модель ретінде дамудың ең маңызды факторларының бірі. Сондай-ақ, поза қою мен подиумда жүріс жасауға көп жаттығуға кеңес беремін. Бұл да индустрияда өсіп-өркендеу үшін өте маңызды», — дейді ол.

Қарапайым ауыл баласынан әлемдік сән үйінің моделі болған Асанәлидің оқиғасы — табандылық пен сенімнің жарқын мысалы.

Қарапайым ауыл баласы әлемдік сән сахнасын бағындырды

жеке мұрағат

Айта кетейік, сән индустриясындағы ең қатаң кастингтерімен танымал Prada бренді болашағы зор жас модельдерге мүмкіндік беруімен ерекшеленеді. Әлемдік деңгейдегі кез келген модельді шақыруға қауқарлы бола тұра, италиялық сән үйі жиі жағдайда жаңа есімдерге назар аударады. Бұл брендтің визионерлік бағыты тек стиль мен киім трендтерімен шектелмей, болашақ сән иконаларын таңдауда да көрініс табады.

Бүгінде қазақстандық модель Асанәли Данияров аталмыш брендтермен жұмыс істеп, халықаралық сән сахнасында өзінің мүмкіндігін ашып жатыр және Миландағы ерлер сән апталығында-ақ өзін таныта алды. Асанәли ең алдымен Fendi көрсетіліміне қатысып, артынша сән әлемінің ең беделді брендтерінің бірі — Prada сән апталығына қатысты. Бұл — кез келген жас модель үшін үлкен жетістік.

Асанәлінің шығармашылық жолына жетекшілік етіп отырған — қазақстандық Silence Models агенттігі. Бұл агенттік соңғы жылдары әлемдік сән аренасына қадам басқан модельдерді жиі шығарып жүр. Prada шоуындағы Асанәли Данияровтың жарқын дебюті — Қазақстан сән индустриясы үшін тағы бір тарихи сәт. Бұл жетістік болашақта әлемдік подиумдарда қазақ жастарының көбейе түсетініне сенім ұялатады.

Қазақ модельі Асанәли Данияров өзінің Instagram парақшасында сән әлеміндегі жарқын сәттерін үздіксіз бөлісіп келеді. Онда Миланда өткен 2024 жылдың жазындағы ерлер сән апталығынан ерекше кадрларды, сондай-ақ әлемге танымал брендтерге арналған фотосессиялардан суреттерді көруге болады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Ali-Daniyarov (@ali.daniyarovv)

Асанәлидің парақшасы – тек визуалды күнделік емес, сонымен қатар оның кәсіби өсу жолын, сахна артындағы атмосфераны және сән индустриясындағы жарқыраған сәттерді көрсететін платформа. Жас модельдің шынайылығы мен талғамы оқырмандарға оны жақынырақ тануға мүмкіндік береді.