Сыртқы сауда алаңдарынан алынатын тауарлар декларацияланады, деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметінен.

Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамасында кедендік декларацияның жаңа түрі — электронды сауда декларациясы енгізіледі.

Электронды сауда тауарларының бүкіл көлеміне, яғни, жеке тұлғалардың сыртқы сауда алаңдарынан сатып алатын барлық тауарына декларация жүргізіледі. Бүгінде жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелу нормалары 200 еуродан немесе 31 келіден асқан кезде ғана декларацияланады.

Осы санаттағы тауарларға салық салу тәсілі де өзгереді. Кез келген сату көлемі үшін сатып алушы елінің ұлттық заңнамасына сәйкес сатушыдан қосылған құн салығы алынады. Егер бажсыз шек (200 еуро) асып кетсе, кедендік әкелу бажының мөлшерлемесі (сатып алушы төлейді) 5 пайыз деп белгіленеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, нормадан асқан жағдайда (200 еуро немесе 31 келі) сатып алушы тауар құнының 15 пайызын құрайтын жалпы кедендік баж салығын төлеуге міндетті.