Абай облысында қызметтік борышын атқару кезінде өз өмірін қатерге тіккен полиция ардагері Бауыржан Оразбековке кәсіби мереке қарсаңында ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Zakon.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.

2001 жылғы мамыр айында пәтер ұрлығы бойынша шақыртуға барған полиция қызметкері Бауыржан Оразбеков күтпеген жерден қылмыстық топпен бетпе-бет келді. Қылмыскерлер тарапынан қатты қарсылыққа тап болып, ол басына темір ломмен соққы алып, 17 жерінен пышақталды.

Ауыр жарақат алғанына қарамастан, Бауыржан Оразбеков есінен танар алдында қылмыскерлердің бірін қолға түсіріп, қалғандарының қашып кетуіне жол бермеді.

Ол "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталды.

Кәсіби мереке күні Абай облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров ардагердің шаңырағына арнайы барып, мерекелік құттықтауын жеткізді. Ол ардагерге зор денсаулық, отбасы амандығы мен ұзақ ғұмыр тілеп, ел қауіпсіздігін сақтау жолындағы еңбегі үшін алғыс білдірді.