Ақсуда дауыл кезінде бұтақ шаншып кеткен әйелдің отбасына қала әкімдігі көмек көрсететін болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша қаза тапқан Марина Валерьевна Пахомова есімді азаматшаның отбасына келесі бағыттар бойынша материалдық көмек көрсетілді:
  • еңбек өтіліне сәйкес өтемақы төленді;
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) жерлеуге арналған қаражат бөлінді;
  • жерлеу рәсімін ұйымдастыру шығындары өтелді", — делінген хабарламада.

Хабарламада айтылғандай, жиналған қаражат жерлеу мен ас беру рәсімін ұйымдастыруға, сондай-ақ бір жылдығына ескерткіш тас орнатуға жұмсалған. Бұл іспен еріктілер айналысып жатыр. Марқұммен қоштасу рәсіміне туыстарын жеткізу үшін арнайы автобус бөлінген.

"Сондай-ақ, Kaspi Bank, Halyk Bank және KMF микроқаржы ұйымындағы барлық несиесі өтеледі. Бұдан бөлек, қаза тапқан әйел тұрған пәтердің 2025-2026 жылдардағы (екі жыл) жылу мен су қызметтері бойынша коммуналдық төлемдері де өтеледі", — деді әкімдік өкілдері.

2025 жылғы 19 маусымда Павлодар облысында дауыл соғып, ондаған адам жарақат алған. Ақсуда бір әйел қатты жел кезінде бұтақ шаншып өліп кеткен.