Қазақстанда медициналық білім беру сапасын жақсарту үшін білім беру грантының құнын арттыра отырып, ақылы оқуға қабылдауды жоспарлы түрде қысқарту көзделіп отыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев биыл еліміздің медициналық жоғары оқу орындарын 11 мыңнан астам жас маман бітіріп шығатынын мәлім етті.
Оның айтуынша, медициналық ЖОО түлектерінің үштен екісі өңірлер қажеттілігіне қарай кадрлар тапшылығын жабу үшін медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасады.
Жыл сайын Денсаулық сақтау министрлігі білім берудің барлық деңгейі бойынша 5 мың грантқа мемлекетке тапсырыс береді. Вице-министрдің сөзінше болашақта грант құны артып, ақылы оқуға қабылдау қысқарады.
"Біз білім беру гранттарының мөлшерін саралау, оның ішінде олардың құнын арттыру мәселесін пысықтап жатырмыз. Медициналық білім беру сапасын жақсарту үшін білім беру грантының құнын арттыра отырып, ақылы оқуға қабылдауды жоспарлы түрде қысқарту көзделген. Министрлік түлектері тек ауылдарда және амбулаториялық-емханалық медициналық ұйымдарда ғана жұмыс істейтін интернатураның жекелеген бағдарламаларын бөлу мәселесін пысықтап жатыр", — деді спикер.
Сонымен қатар резидентураның бірқатар сұранысқа ие мамандықтары, сондай-ақ өңірлерде балалар мамандарының тапшылығы бойынша қосымша балалар бейініндегі 14 мамандық енгізіліп жатыр.
Жыл сайын білім алушылардың стипендиясын орта есеппен 20 пайызға арттыру көзделген. Сондай-ақ биылдан бастап базалық білімді бағалау үшін 3-курс студенттеріне міндетті емтихан қарастырылған, бұл олардың алған білімін және одан әрі оқуын бағалауға мүмкіндік береді.