Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Судья және сот қызметкері күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Қуатты әрі тәуелсіз сот жүйесі құқық үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ "Заң және тәртіп" қағидатын орнықтыру ісінде шешуші рөл атқарады. Сондықтан біз осы стратегиялық маңызы бар салада жүйелі түрде реформа жүргізіп келеміз. Сот ісі жетілдіріліп, басқару үдерістері оңтайландырылып, осы салаға цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. 1 шілдеден бастап қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі үш дербес кассациялық сот жұмыс істей бастайды. Бұл қадам азаматтардың және бизнестің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған институционалдық мүмкіндігін едәуір аттырады. Жұртшылықтың әділдікке деген сенімі көбінесе судьялардың кәсіби біліктілігіне, кез келген істі қараған кезде ұстанымына берік болып, бейтараптық таныта алуына тікелей байланысты. Осы маңызды әрі жауапты миссия терең құқықтық білімді, заң үстемдігін үнемі бәрінен биік қоюды талап етеді", деп мәлім етті елбасы.

Ол сондай-ақ, сот қызметкерлері мен ардагерлеріне қажырлы еңбегі мен өз кәсібіне адалдығы үшін шынайы ризашылығын білдіретіндігін атап өтті.

Сіздер Әділетті Қазақстанды құру ісіне өлшеусіз үлес қоса бересіздер деп сенемін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін!", деген тілегін айтты президент.