Қасым-Жомарт Тоқаев "Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыстарды үйлестіретін дербес бөлімше құратын уақыт келді" деп есептейді.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде жаңа заңның Мәжілістің қарауына берілгенін де сөз етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Қылмыс оған қолайлы жағдай жасаған жерде өршиді. Қылмыстың және заңға қайшы әрекеттердің салдарымен ғана күресуге болмайды. Қылмысқа түрткі болатын себептерді алдын ала анықтап, жойып отыру қажет.
Менің тапсырмаммен "Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы" Заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына берілді. Жаңа заң аталған саладағы мемлекеттік саясатты біріздендіріп, профилактикалық шаралармен қамтылатын тұлғалардың санатын кеңейтеді. Мұндай заң сөзсіз керек. Сондықтан мейлінше тез қабылдау қажет. Парламент депутаттарынан заң жобасын жылдың соңына дейін қарап, қабылдауды сұраймын, – деді ол.
Сонымен қатар, заңнамалық өзгерістермен қатар, ұйымдық құрылымды да жаңғырту қажет екенін айтты.
– Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыстарды үйлестіретін дербес бөлімше құратын уақыт келді. Құқық қорғау органдарының тиімділігін бағалау жүйесіне де өзгеріс қажет. Онда құқық бұзушылықты ескерту бағытындағы жұмыс нәтижесі есепке алынуға тиіс. Қылмысқа көбінесе тұрмысы нашар отбасыдан шыққан адамдар барады. Алдын алу шараларын жүзеге асырғанда дәл осы санатқа айрықша назар аударған жөн. Бұл ретте әлеуметтік қорғау органдары мен жергілікті билік маңызды рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.