Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим-карталарды сату тәртібін реттеуді және оларды таратқаны үшін мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде Интернет және телефон алаяқтығының алдын алу мәселесіне арнайы тоқталды.

"Қылмыстың бұл түрі бүкіл әлемде белең алды. Көбіне мұндай іске тыңғылықты ұйымдасқан қылмыстық топтар барады. Олар шетелден әрекет ететіндіктен, тергеу амалдарын қиындатады. Сондықтан бұл ретте алдын алу шараларының мәні зор.

Өткен жылы Ұлттық банк жанынан заманауи антифрод-орталық ашылды. Олар күмән тудырған операцияларды анықтап, бұғаттап отырады.

Сонымен қатар өздеріне тиесілі инфрақұрылымды пайдалана отырып жасалған алаяқтық үшін банктер мен ұялы байланыс операторларына да жауапкершілік белгілеп жатырмыз.

Азаматтарымыздың жеке мәліметтерінің сенімді жерде сақталуын қамтамасыз ету өте маңызды. Халықтың қаржылық сауатын арттырып, қоғамда алаяқтардың әрекеттеріне иммунитет қалыптастыру үшін барлық деңгейдегі депутаттармен бірлескен жұмысты күшейткен жөн.

Алаяқтар ақшаны жылыстататын немесе сыртқа шығаратын құйтырқы айлаларына адамдарды алдап түсіреді. Бұл да үлкен проблемаға айналды. Азаматтарымыз пайдаға кенелеміз деп оларға банк есепшоттарын беріп қояды. Бірақ бұл әрекеттерінің салдары қандай ауыр болатынын ойлай бермейді", — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, соңғы бір жарым жылда 50 мыңнан астам адам осындай жағдайға душар болған.

"Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі – жастар. Бұл мәселеге қатысты шұғыл шара қабылдау керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірге осындай шоттарды алдын ала анықтап, бұғаттайтын тиімді жүйені жолға қойғаны жөн.

Аталған мәселенің бір ұшы бақылаусыз сим-карта айналымына келіп тіреледі. Тек биылдың өзінде сим-карталарды басқа біреудің атына рәсімдеген 100 мыңға жуық факті анықталды. Нөмірлерді түрлі қылмыстық мақсатқа пайдаланады.

Үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим-карталарды сату тәртібін реттеуді және оларды таратқаны үшін мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырамын", — деді мемлекет басшысы.