Алматы облысының Балқаш ауданында Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Францияның ғылыми консорциумының ұйымдастыруымен қазақстандық ғылыми институттар мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен ауқымды далалық экспедиция өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация Министрлігінің 2025 жылғы 23 маусымында берген ақпаратына сай, экспедицияның мақсаты – Балқаш көлі бассейніндегі су ресурстарының жай-күйін кешенді зерттеу, оның ішінде жерүсті және жерасты суларының мониторингі, суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын талдау, өңірдің су балансын модельдеу үшін далалық деректерді жинау және тексеру.

Экспедиция құрамына Француз ғылыми консорциумының сарапшылары, Су ресурстары және ирригация министрлігі, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы, "Қазгидрогеология" ұлттық гидрогеология қызметі, У.М. Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институты және "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС өкілдері енді.

Мамандар Бояулы, Береке, Бақанас, Бақбақты және Бірлік ауылдық округтеріндегі суару жүйелерін аралап көрді. Тексеру барысында ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамту, каналдардың техникалық жай-күйі, инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігі және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ суды қайта пайдалану, мелиорациялық жүйелердің жай-күйі және жерасты суларының деңгейі туралы да айтылды.

Экспедиция қатысушылары Алматы облысының негізгі су айдындарын, оның ішінде Қапшағай су қоймасын, Іле өзенінің сағасын, мелиорациялық және артезиан ұңғымаларын және Сорбұлақ көлін аралады. Сондай-ақ Алматыдағы жетекші ғылыми-зерттеу институттарында кездесулер ұйымдастырылды.

"Зерттеу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптарға ұсыныстар қамтылған талдамалық есеп дайындалады. Француз сарапшыларымен бірлесіп іске асырылып жатқан бұл жоба 2040 жылға дейінгі болжаммен Балқаш көлін сақтау бойынша мастер-жоспар әзірлеуге бағытталған. Жүргізіліп жатқан зерттеулер Қазақстан мен Франция арасындағы экология, су пайдалану және ғылыми алмасу саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам", – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су саясаты департаменті директорының орынбасары Марат Иманалиев.

Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Су ресурстары және ирригация министрлігі, Францияның даму агенттігі (AFD) және Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеу бюросы (BRGM) арасында Балқаш көлі бассейнін бірлесіп зерттеу және көлді сақтау бойынша мастер-жоспар әзірлеуге грант бөлу қарастырылған үшжақты келісімге қол қойылған болатын.