SCAT әуекомпаниясының өкілдері жолаушыларға үндеу жасап, кейбір рейстердің кестесіне уақытша өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Бұл туралы әуекомпаниясының желідегі парақшасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

SCAT-тың Instagram-дағы парақшасында жарияланған мәліметке сүйенсек, құстармен соқтығысу салдарынан бірқатар қалада компанияның әуе кемелеріне зақым келген.

Ол жаққа жедел түрде резервтік әуе кемелері жіберіліп, сондай-ақ жоспардан тыс техникалық қызмет көрсету жұмыстары басталған.

Осыған байланысты Анталья – Астана және Ақтөбе – Анталья бағыттарында келесі өзгерістер болған:

"Антальяда резервтік әуе кемесінің келуін күту кезінде жолаушыларға қонақүйлерде тұру мерзімі ұзартылды. Ыңғайлы жағдайлар толық қамтамасыз етілді. Ұшу 2025 жылғы 23 маусымға жоспарланған.

Ақтөбеде ұшуды күтіп отырған жолаушыларға ыстық тағам және сусындар ұсынылуда. Компания өкілдері мен туроператорлар жолаушылармен тұрақты байланыста, кесте қажеттілікке қарай түзетілуде", — делінген хабарламада.

Сондай компания әуе кемелерінің қайта бөлінуіне байланысты 2025 жылғы 23 маусымда келесі бағыттарда рейстердің кешігуі мүмкін екенін ескертті:

  • Алматы – Шарм-эш-Шейх;
  • Алматы – Анталья;
  • Анталья – Алматы.

Сонымен қатар халықаралық жағдайға және жекелеген әуе кеңістіктерінде уақытша шектеулердің енгізілуіне байланысты, 2025 жылғы 23 маусымға жоспарланған Астана – Доха рейсі тоқтатылған.