Елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде бойжеткеннің денесі табылды. Марқұмның кәмелетке толмаған інісі де пышақ жарақатын алған, ол ауруханада жатыр. Күдікті ұсталды, деп хабарлайды Астана полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Тelegram-дағы "Криминальный Казахстан" арнасы Астанада жас қыздың кісі қолынан қаза тапқаны туралы хабарлады. Автор қайғылы оқиғаның кешкі сағат 20:30 шамасында тұрғын үй кешендерінің бірінде болғанын айтады.

"Көршілерінің айтуынша, жас қыз пәтерден пышақталған күйінде табылған. Оқиға алдында пәтерден қатты дыбыс шыққан. Кейін күдікті өтіп бара жатқан адамдарға пышақ ала жүгірген, марқұмның інісін жаралаған. Кейін бозбала балалар алаңынан пышақталған күйі табылған", — деп жазады арна авторлары.

NUR.KZ тілшісінің сауалына жауап берген Астана полиция департаменті өкілдері адам өлтіру фактісі тіркелгенін растады.

"Полицияға тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінде пышақ жарақатын алғандар туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнынан зорлық-зомбылықпен өлім белгіcі бар жас қыздың денесі табылды. Оның кәмелетке толмаған інісі де зардап шеккен, ол пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілді", — деді полиция өкілі.

Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәлімет жария етілмейді.