Алматы әкімі Дархан Сатыбалды таулы аймақтағы мұздақ көлдер мен селден қорғау инфрақұрылымының жағдайын тікұшақпен шолу арқылы тексерді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұған қала әкімінің орынбасарлары, "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің, Төтенше жағдайлар департаментінің және сала басқармаларының басшылары да қатысты.
Тікұшақпен шолу барысында "Медеу", "Үлкен Алматы", "Қарғалы" су бөгеттері мен Ақсай, Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің бассейндерінде орналасқан №6, 8, 9, 10 және 13-Бис мұздақ көлдері секілді негізгі селден қорғау нысандары қамтылды. Төтенше жағдайлар департаменті, "Қазселденқорғау" және Сейсмикалық қауіпсіздік пен жұмылдыру дайындығы басқармасы басшыларымен бірлесіп, алдағы жұмыстар талқыланды.
Бүгінде Алматы тауларында 51 мұздақ көл бар. Оның 14-інде бұзылу қаупі болса, 6-уы ең жоғары қауіп төндіретін нысандар қатарында. Бұл көлдер халық тығыз қоныстанған аймақтар арқылы ағатын өзендердің бастауында орналасқан.
"Қазселденқорғау" мекемесінің АГЭТУ басшысы Самат Дәуленқановтың айтуынша, қауіпті нысандарда су деңгейін төмендету, сифон желілерін іске қосу және эвакуациялық арналарды тазалау секілді алдын алу шаралары жоспарланған. Сондай-ақ, бақылау күшейтіліп, 31 автоматты станция, 23 бақылау бекеті мен 8 маусымдық нүкте жұмыс істеп тұр. Арнайы техникамен жабдықталған жедел іс-қимыл тобы құрылып, кезекшілік ұйымдастырылған.
Тікұшақпен шолу кезінде гидротехникалық құрылыстар – бөгеттер мен селден қорғау бөгеттерінің техникалық жағдайына ерекше назар аударылды. Кейбір нысандарға жөндеу немесе қайта құру шешімін қабылдау үшін жан-жақты тексеріс қажет екені анықталды. Сондай-ақ, таулы бөлімшелерді арнайы техникамен, құрал-жабдықтармен және метеоқұралдармен қосымша жабдықтау қажеттілігі айтылды.
Маршрут Алматы тау кластерінің орталық аймағы арқылы аяқталды. "Chimbulak Development" ЖШС директоры Ринат Әбдірахманов арқан жолдар желісін кеңейту, трассалар мен инфрақұрылымды дамыту жоспарын таныстырды. 2028 жылға қарай кластерлік аймақтың өткізу қабілеті күніне 6 мыңнан 34 мың адамға дейін артпақ. Жоба жеке инвесторлар мен халықаралық серіктестердің қаржысы есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Қала басшысы туризмді дамыту табиғи қауіп-қатерлерден алматылықтар мен қала қонақтарын қорғау шараларымен тығыз байланыста жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.