Қазақстанның Бас прокуратурасы Қайрат Боранбаевтың ағасы Мұрат Боранбаевтың ұсталғаны туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мекеме өкілдері тілшімізге хабарлағандай, Мұрат Боранбаев тәртіп сақшыларына өз еркімен келіп, ұсталған. Ол кінәсін мойындап, заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару туралы процессуалдық келісімге келген.

Сонымен бірге сот қаулысына сәйкес, Боранбаев кінәсін мойындау және заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару туралы процессуалдық келісімнің талаптарын орындауына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ол келтірілген шығынды толығымен өтеген.

Айта кетейік, 2022 жылдың шілдесінде Қаржы мониторингі агенттігі қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың ағасы Мұратқа іздеу жарияланғанын хабарлаған болатын.

Осыдан бірнеше ай бұрын бұған дейін AlanParking ЖШС басшысы болған Мұхтар Базарбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Оған аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды.

Ал Мұрат Боранбаев 2017 жылы AlanParking ЖШС-нің басшысы болған.

Айта кетсек, AlanParking ЖШС — Алматы қаласында A-parking ретінде танылған ақылы автотұрақтардың операторы.

2022 жылдың қарашасында ҚМА AlanParking ЖШС және "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС директорларына қатысты 436 миллион теңгені жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталғанын хабарлады.

Сол кезде агенттік Мұрат Боранбаевты қылмыстың басты айыпталушысы және ұйымдастырушысы ретінде атап, оның халықаралық іздеуге жарияланғанын тағы да еске салды.

"Алматы қалалық ҚМА департаменті қалалық прокуратурамен бірлесе отырып, "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС-нің 70 пайызын және AlanParking ЖШС-нің 100 пайызын Алматы қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне қайтару шараларын қабылдады", — деп хабарлады сол кезде ҚМА өкілдері.

2023 жылы наурызда Базарбаев сеніп тапсырылған мүлікті жымқырып, ақшаны жылыстағаны үшін алты жарым жылға бас бостандығынан айырылды.

Эксклюзив

  • "Екеуінің де жағдайы ауыр": Ақтауда екі баланы көлік қағып кетті
  • Алматы тауында тастың құлауы салдарынан бойжеткен қаза тапты
Больше по этой теме