Әлі есімізде, 2020 жылдың ақпа­нында Жамбыл облысының Қордай ауданындағы негізінен дүнген этносы шоғырланған бірнеше ауылда үлкен дау болды. Ал дүрбелеңнің негізгі себебі Сортөбе ауылында он шақты дүнген жігітінің жасы 80-ге таяған қазақ қариясын қос ұлымен қоса сабағаны болды. Ертесіне сол сортөбелік тұрғындардың облыс орталығынан жедел жеткен полицейлерге бағынбай, тіпті заң өкілдеріне күш көрсетіп, балағаттап, басынғандары жағдайды одан әрі ушықтырды.

Бір мезетте бірнеше ауылда болған сол шудың арты немен аяқталғаны мәлім. Айтпағымыз бұл емес, ахуал­ды тыныштандыру мақсатында әрекет еткен полицейлерге бағынып, тәртіп сақшыларының талабын орындап, оларға күш көрсетпегенде ақпараты әлемге тараған қайғылы Масаншы оқиғасы болмас па еді дейміз...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан полициясының 30 жылдық мерейтойының салтанатты жиынында сөйлеген сөзінде құқық қорғау жүйесіне түбегейлі реформа жасау көзделіп отыр­ғанын айтқан. Ал бұл өзгерісті халықтың қолдауымен ғана табысты жүзеге асыра алатынымызды да ескерткен.

Қазір қоғамда полицейден көзге түр­пі­дей тиетін жағымсыз кейіпкер жасап ал­ғанбыз. Қит етсе телефонға түсіріп, «Құ­жатыңды көрсет, бұл жерде не істеп жүр­сің, жұмысыңды неге істемейсің?» деп тәр­тіп сақшыларының берекесін алатындар көбейді. Тіпті өткенде асханада түскі ас ішіп отырған бір топ полицейдің үстінен түсіп, «Неге ас ішіп отырсыңдар, жұмыстарың қайда, бас киімдерің қайда?» деп дүрсе қоя берген атыраулық блогерсымақтың әрекеті тіпті ұят, тым ұсақтық.

Жалпы, осындай жағдайда азаматтармен тікелей қарым-қатынас жасай отырып, әр полицей мемлекет туралы белгілі бір көзқарастың қалыптасуына ықпал ететіні анық. «Қоғам көзқарасында полицей – биліктің уәкілетті өкілі, әсіресе ауылдық жерлерде учаскелік полицейді әрбір үй таниды деуге болады. Оның сөзі мен әрекетіне қарай азаматтардың мемлекеттік саясатқа және елде жүргізіліп жатқан реформаларға деген көзқарасы қалыптасады. Бұл туралы сіздер, полиция қызметкерлері, ешқашан ұмытпауларыңыз керек. Сіздерге ерекше жауапкершілік жүктеледі», деген-ді Мемле­кет басшысы полицияның 30 жылдық мерей­тойының салтанатты жиынын­да.

Дегенмен Мемлекет басшысы азамат­тар­дың құқық қорғау жүйесіне деген сенімі әлі де жоғары деңгейде емес екенін жасырмады. «Жекелеген әділетсіздік жағдайлары, полицейлердің немқұрайдылығы, кейде олардың заңға қайшы әрекеттері Ішкі істер министрлігінің барлық құрылымының қызметіне көлеңке түсіреді», деген Президент сөзінің жаны бар.

Расында, кейінгі жылдары полицияның беделі туралы сөз жиі қозғалып жүр. Осы ретте отандық полицияның айбынды, айбарлы болуы үшін не істемек керек? Жалпы, полиция қызметі ең қиын мамандықтың бірі екеніне дауымыз жоқ. Көбіне полицейлер қауіп-қатердің ортасында жүреді. Әрине, тәуелсіздік алғалы бері кейбір функцияларын айтпағанда, полицияның қызметтік формалары мен қызмет атауларына дейін әр кез өзгеріп жатыр. Бірақ басты міндеттері сол күйі өзгеріссіз қала берді. Сол қызметті шын жүрекпен, саналы мінез-құлықпен және шынайы ниетпен атқаратын қызметкерлердің көптеп табылуы аса маңызды. Адам бар ынтасымен қызметіне берілгенде ғана нәтиже шығады. Олай етпейінше, бәрі бекер. Ештеңе өнбейді.

Ендеше, бүгінгі полицей қандай болуы керек? Біздіңше, арын жанының садағасына балайтын намысшыл адам ғана полиция қызметкері болғаны абзал. Әр тәртіп сақ­шы­сы адамгершіліктен аттап кетпейтін, полицияның абыройын өз абыройым деп білетін, ар мен ұятты пайымдай алатын зерделі азамат болуы шарт.

Полиция беделді болуы үшін мемлекет қандай қадам жасауға тиіс деген де заңды сұрақ туады. Қазір полицияның беделін көтеретін идеологиямыздың ақсап тұрғаны белгілі. Полиция қызметкерлерінің ерлік істері туралы жинақтар, көркем фильмдер және музыкалық туындылар шығаруды мықтап қолға алу керек. Яғни жазушылар, ақындар, журналистер, суретшілер және кино мамандарымен кездесулер ұйымдастырып, полицияның беделін арттыру жолдарын іздестірсе, құба-құп болар еді.