Алматыдағы Сайран көлінде полиция профилактикалық шараларды күшейтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Сайран" көлінің жағалау аймағында қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Алматы полиция департаментінің басшылығы Алмалы және Әуезов аудандары әкімдері, сондай-ақ мердігер компания өкілдерінің қатысуымен көшпелі жұмыс кеңесі өтті.

Кездесуде қаланың ең көп келетін демалыс орындарының бірінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жақсарту және құқық бұзушылықты бақылау мәселелері талқыланды.

Жақын арада екі модульдік полиция бекетін орнату, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға және алдын алуға мүмкіндік беретін, жағалау аймағын патрульдеу үшін дрондарды пайдалану жоспарланып отыр.

Сондай-ақ жағаның периметрі бойынша Алматы полиция департаменті жедел басқару орталығына дабыл беретін бейнебақылау камералары орнатылады.

Кейінгі екі аптада полиция қызметкерлері түрлі қоғамдық тәртіпті бұзған 120-дан астам адамды жауапкершілікке тартты.

Сонымен қатар азаматтарды демалыс аймағына ұқыпты қарауға баулу мақсатында тұрғындармен кездесулер өткізу, ақпараттық парақшалар тарату, әлеуметтік жарнамаларды орналастыру жоспарланып отыр.