Бұл туралы KASE-нің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан қор биржасының (KASE) басқарма төрағасының орынбасары болып Айнагүл Қуанышбайқызы Ысқақова сайланды.

Хабарламада айтылғандай, KASE директорлар кеңесінің шешімімен 2025 жылдың 23 маусымынан бастап Айнагүл Ысқақова басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Оның өкілеттік мерзімі 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.

Айнагүл Ысқақова – қаржы саласында 18 жылдық тәжірибесі бар маман. 2018–2022 жылдары ол KASE-де Стратегия және халықаралық ынтымақтастық бөлімшесін басқарған. Соңғы уақытта "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" АҚ-да басқарушы директор әрі басқарма мүшесі қызметін атқарды. Ол осы мекемеде Agile әдіснамасы бойынша өнім әзірлеу тәжірибесін енгізуге атсалысты. Қаржылық талдау, стратегиялық жоспарлау, жобалық басқару және халықаралық қатынастар салаларында мол тәжірибесі бар.

Сондай-ақ, директорлар кеңесі 2025 жылдың 20 маусымынан бастап Ермек Болатұлы Мәжікеновтің басқарма төрағасының орынбасары ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады.

Осы өзгерістерден кейін қазіргі таңда KASE басқармасы келесі құрамда жұмыс істейді:

  • Мұхамеджанов А.Н. – басқарма төрағасы;
  • Аманжолова Д.М. – басқарма төрағасының орынбасары;
  • Гришко М.В. – басқарма төрағасының орынбасары;
  • Ысқақова А.К. – басқарма төрағасының орынбасары;
  • Саржақов Ж.Н. – басқарма төрағасының орынбасары.