Оған көші-қон қызметі көмек көрсетті .

Құжатсыз жүрген әйелдің әлеуметтік жағдайы мәз емес, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ол уақытылы зейнетақы рәсімдей алмады, заңды баспанасы болмай, өмірін тұрақсыз жағдайда өткізуге мәжбүр болған.

Алматы қаласының көші-қон қызметі өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға нақты көмек көрсетуді жалғастыруда. Кезекті осындай қайырымды істің бірі – 1964 жылы туған әйелге қатысты. Ол Қазақстан аумағында соңғы 20 жыл бойы жеке басын куәландыратын құжатсыз өмір сүріп келген. Құжатсыз қалуына – кеңестік кезеңде берілген, 1974 жылғы үлгідегі төлқұжаттың жоғалуы себеп болған.

Бұл жағдайды көші-қон қызметі мамандары бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. Қызметкерлер қажетті анықтамаларды жинауға көмектесіп, барлық рәсімдеу процесін мұқият бақылауға алып, нәтижесінде әйел Қазақстан Республикасының азаматы ретінде ресми түрде танылып, жеке куәлікпен құжатталды.

– Біз мұндай жағдайларды тек қызметтік міндет ретінде емес, ең алдымен, адами тұрғыдан қабылдаймыз. Әрбір құжатсыз қалған адамның артында – тағдыр жатыр. Біздің басты парызымыз – сол азаматтың заңды құқықтарын қалпына келтіріп, мемлекет тарапынан қорғалатынын сезіндіру, – деді Алматы қалалық көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев.

Қазіргі таңда құжат алған әйелге зейнетақы мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді рәсімдеуге қажетті көмек көрсетіліп жатыр.