Алғашқы АЭС Алматы облысының Жамбыл ауданында салынады .

Бүгін, 20 маусымда Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв Қазақстанда АЭС салу жобасын іске асыру мәселелері бойынша кездесу өткізген.

Кездесу барысында жобаны дайындау және іске асыру кезеңдерін қамтитын индикативтік жол картасы бекітілді. Құжатта инженерлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу, EPC-шарт жасасу және жобалық құжаттаманы әзірлеу көзделген.

"Қазақстанда атом станциясын салу – еліміздің энергетикасын орнықты дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған кешенді стратегияның бір бөлігі. Біз қауіпсіздіктің жоғары деңгейін және өндірісті жергіліктендіруді қамтамасыз ету үшін серіктестерімізбен тығыз әрі ашық ынтымақтастыққа сенім артамыз", – дейді Сәтқалиев.

Тараптар бұл жобаның еліміз үшін стратегиялық маңыздылығын және оны жедел іске асыру қажеттігін атап өтті.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда алғашқы АЭС қайда салынатыны белгілі болды


Сонымен қатар іс-шара аясында "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС мен "Росатом" мемлекеттік корпорациясының инжинирингтік компаниясы – "Атомстройэкспорт" АҚ арасында Алматы облысының Жамбыл ауданында жобаны іске асыруға байланысты ынтымақтастықтың негізгі қағидаттарын айқындайтын негіздемелік келісімге қол қойылды.

Ведомство мәліметінше, стратегиялық жоба бейбіт мақсаттағы атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асады және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ел экономикасын декарбонизациялау жөніндегі стратегиялық міндеттерге қол жеткізуге бағытталған.