Түркістан облысында ежелгі жауынгердің сүйегі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, археологиялық қазба жұмыстары Ордабасы ауданына қарасты Қылышжар қорымында жүргізілген. Мамандардың айтуынша, жерлеу тәсілі қаңлы кезеңіне тән. Адам сүйектерінен бөлек, обалардан жауынгердің семсері мен қанжары да табылған. Семсердің ұзындығы 1 метрден асады.

"Бұл біздің заманымызға дейін II және біздің заманымыздың IV ғасырына тиесілі дүниелер. Жерлеу орнының ерекшелігі, ғұрыптық салты, ыдыстар қаңлы кезеңінде өте аз кездеседі. Сонымен қоса "хиджамада" қолданылған құрал болып есептелінеді. Жауынгер сол заманда емшілік қызметті атқаруы мүмкін", — дейді ғылыми қызметкер Гүлмира Стамқұлова.

Телеарнаның ғалымдардың сөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, ер адам 35-40 жас шамасында жерленген болуы мүмкін. Ал оның қаруы ғылыми тілде "акинак" деп аталады. Бұл – көне дәуір жауынгерлеріне тән семсер түрі.

Айта кетейік, соңғы 20-25 жылда өңірден ерекше жәдігерлер алғаш рет табылып отыр. Құнды мұра енді зерттеуге жолданады.

"Күлтөбе" қалашығы "Қылышжар" қорымында қазба жұмыстарын жүргізіп келеміз. Мақсаты – өңірімізден табылып жатқан заттарды, тарихымызды кең көлемде насихаттап, өңірлік мұражайларға барлығын тапсыру. Сол заттарды республикалық көлемде насихаттау", — деді "Ордабасы" ұлттық тарихи-мәдени қорығының кіші ғылыми қызметкері Қайырхан Шартақов.