Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат өтелмеген жазасын айыппұлға ауыстыру туралы өтінішін қайтарып алды, деп хабарлайды kazinform.kz.
Бұл туралы заңгер Анна Чернова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
Ол бүгін үкімді ауыстыру мәселесі қаралған сот отырысы өткенін және Нұрасыл Болат қамаудағы жазасын айыппұлға ауыстыру туралы өтінішін кері қайтарып алғанын хабарлады.
Осыған дейін сотталушы сотқа қамаудағы жазасын айыппұлға ауыстыру туралы өтініш берген болатын.
Нұрасыл Болат ісі
Анна Чернова Тұрлыхановтың ұлына қатысты қозғалған істе жәбірленушінің бірі болып саналады.
2024 жылғы ақпан айында Анна Чернова (Димитриевич) күйеуі екеуі қызды ұрып жатқан жас жігітті тоқтатпақ болғанда өздері соққыға жығылғанын мәлімдеген.
Кейін адвокаттар өздеріне шабуыл жасаған белгілі спортшы, қазіргі депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы екенін білген.
Сол кезде Алматы полиция департаменті бұл факт Қылмыстық кодекстің 293-бабы – "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін, күдікті әскери адам болғандықтан, іс материалдары қалалық прокуратураға берілгенін хабарлаған болатын.
Сондай-ақ оқиғаға қатысты Дәулет Тұрлыханов та пікір білдіріп, ұлының кінәсі дәлелденсе, заңға сәйкес жауап беретінін мәлімдеген еді.
Бұдан бөлек, оқиғаға қатысты Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев пікір білдіріп, іс бойынша шешімді сот шығаратынын, күдікті заңда белгіленген тәртіппен жазасын алатынын атап өткен болатын.