Алматы облысында жол бойындағы қоқыс полигонында ірі өрт болып, салдарынан жолдың аталған учаскесінде көлік қозғалысына шектеу қойылды. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" хабарлады.
"2025 жылғы 19 маусым күні сағат 20:30 шамасында Алматы облысында "Алматы — Талдықорған — Өскемен — Шемонаиха — РФ шекарасы" автожолының 29-38 шақырым аралығындағы учаскесінде (Байсерке көпірінен Әли көпіріне дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді", — делінген хабарламада.
Қозғалысқа шектеу қоюға жол бойындағы қоқыс полигонында өрт шығып, қалың түтіннің салдарынан жол көрінбей қалған.
"Жолды 2025 жылғы 19 маусым сағат 23:00-де ашу жоспарланған. Қозғалысты ресми түрде ашқанға дейін жолға шықпауды ұсынамыз", — деп жазды ведомство.