2025 жылғы 19 маусымда Алматы қаласы Медеу ауданының №2 соты бұрынғы судья Светлана Жоламановаға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол кінәлі деп танылып, 10 жыл бас бостандығынан айырылды.

Жоламанова аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін айыпталған. Тергеу мәліметінше, ол 2021 жылдан 2024 жылға дейін жылжымайтын мүлік сатып алуға көмектесемін және тендерлік жобаларға қатысуға жәрдем беремін деген желеумен азаматтарды алдап, сенімін теріс пайдалану арқылы 1 миллиард теңгеден астам қаражатты қалтаға басқан. Тергеу аясында барлығы 48 эпизод анықталып, бір іс өндірісіне біріктірілген.

Еске салайық, 2021 жылғы 28 сәуірде Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жоламановаға алаяқтық жасады деген күдікке ілінгені туралы ақпарат шыққан болатын. Тінту кезінде одан ірі көлемде ақша тәркіленген. Ол сот шешімдерін өз пайдасына шығаруға мүдделі тұлғаларға көмектесемін деп, алаяқтық әрекет жасады деген күдікке ілінген.

2021 жылғы 29 сәуірде Жоғарғы сот төрағасының өкімімен Светлана Жоламанованың өкілеті уақытша тоқтатылды. Ал 2023 жылғы 12 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Жоламанованы қызметінен босатты.