Елордада 35 жастағы азамат алаяқтың сөзіне сеніп, баспанасынан айырылды, деп хабарлайды Zakon.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Әңгіме барысында алаяқ өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, оның кепілдегі пәтерін алаяқтар тартып алмақшы екенін айтқан. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін келісімшарттың мерзімін ұзарту және пәтерді шұғыл түрде сату қажет екенін жеткізген. Әйел адам "банк қызметкерінің" сөзіне сеніп, пәтерін сатып жіберген.
Кейіннен "банк өкілі" қайта хабарласып, ипотеканы жабу үшін шұғыл түрде ақша аударуды сұраған. Жәбірленуші оның талабын орындап, ақша жіберген. Алайда ақшаны алған соң, алаяқ ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай қойған. Осыдан кейін әйел өзін алдағанын түсініп, дереу "102" нөміріне хабарласқан. Келтірілген шығын көлемі — 11 миллион теңге.
Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 21 жастағы шетел азаматын ұстады. Ол өз кінәсін мойындады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр. Тергеу барысында оның осыған ұқсас тағы бір іске қатысы бар екені анықталды. Онда келтірілген шығын шамамен 60 миллион теңгені құрайды.