2025 жылдың 19 маусымында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сенат отырысында Астанадағы Назарбаев университетінде студенттің өлімі туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Ғылым министрлігінің басшысы барлық фактілерді уәкілетті органдар тексеріп жатқанын атап өтті.

"Енді ата-анадан үлкен өтініш бар, ол туралы жеке мәліметтерді жария етпеңіздер, бәрін тексеріп шығуға уақыт беріңіздер", – деді Саясат Нұрбек жұртшылыққа.

Ал, министр бұл суицид пе, оның емтиханнан сүрінуімен байланысты ма деген ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмады.

"Біз мұны қазір де растай алмаймыз. Тағы да қайталап айтамын, қазір барлық тергеу шаралары жүргізілуде, ақпарат түскен бойда оны сізге береміз. Бір ғана айта алатынымыз, ол Қазақстан азаматы", – деп түйіндеді сөзін Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшысы.

2025 жылдың 18 маусымында Қазнетте Назарбаев университеті студентінің мәйіті жатақханадан табылды деген ақпарат пайда болды. Бұл ақпаратты Zakon.kz сайтына елордалық полиция департаментінен растады.