Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы бүгін, 2025 жылдың 19 маусымында ҚМА айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, Ақтау қаласында ерлі-зайыптылар Instagram, TikTok және Telegram желілерінде 850 мыңнан астам оқырмандары бола тұра, ауқымды онлайн-лотереялар ұйымдастырған.
Лотерея операторы ретінде тіркелмегеніне қарамастан, олар автокөлік, пәтер және басқа да бағалы жүлделер ойнатқан.
Қатысушылар құны 500-ден 50 000 теңгені құрайтын билет (цифрлық нөмір) сатып алып отырған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, бұл лотереяларға 1 800-ден астам азамат қатысқан.
Заңсыз қызмет нәтижесінде қылмыстық табыс сомасы 162 млн теңгеден асқаны анықталды.
Қазіргі уақытта күдіктілердің мүлкі мен банк шоттарына тыйым салынды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.