Бұл жағдайдан бөбекжай қызметкерлері хабардар болғанымен, ешқандай шара қолданбаған.
Астана қаласындағы мемлекеттік "Гүлдер" балабақшасында балаларды ұрып-соққан тәрбиешінің көмекшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу деректеріне қарағанда, 65 жастағы зейнеткер жарты жыл бойы бүлдіршіндерге еш себепсіз күш қолданған. Тіпті үш күн ішінде балаларға 19 рет қол көтергені анықталған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық агенттігі.
Ең сорақысы – бұл жағдайдан бөбекжай қызметкерлері хабардар болғанымен, ешқандай шара қолданбаған.
Оқиға әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін көпшіліктің ашуын туғызды. Кадрлардан балабақша қызметкерінің баланы ұрып, балағаттап жатқаны анық көрінеді. Тағы бір ескерерлік жайт – оның жанында тұрған әріптестері ешқандай әрекетке бармаған.
Жәбір көрген балалардың бірі – Астана тұрғыны Наталья Горняваның 2 жарым жастағы ұлы. Ол бұл балабақшаға бір жылдан бері барып жүрген. Анасының айтуынша, сәуір айынан бастап баласы бөбекжайға барудан бас тартып, жылайтын болған.
"Осы балабақшада жұмыс істейтін бір әйелдің баласы менің ұлыммен бір топта. Бір күні ол әйел чатта балаларды ұрып жүргенін айтты. Ертеңіне камера жазбаларын қарап, үш күнде балаларды 19 рет ұрғанын көрдік. Оның 15-інде менің балам жәбір көріпті. Бұл мен жиырма жыл күткен жалғыз балам. Көңілім қатты құлазыды. Басынан ұрған. Бас – ең нәзік жер екенін білесіздер ғой", – деді Наталья Горнява.
Натальяның айтуынша, балабақшаға жұмысқа орналасу кезінде тамыр-таныстық әсер еткен болуы мүмкін. Ол "үлкен кісі мейірімді болады деп сеніп едім" дейді.
Оқи отырыңыз: Шымкентте бүлдіршіндерді сызғышпен ұрған тәрбиеші 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды
Шағым түсірген ата-аналар қатарында Назым Қасенова да бар.
"Методистке жағдайды айтқанда, "біз оны қалай жұмыстан шығарамыз, мұндай жалақыға кім келеді?" деп жауап берді. Ол тәрбиешінің көмекшісімен бұрын бірге жұмыс істеген дегенді де естідім. Бейнежазбадан баламды ұрғанын көріп жүрегім ауырды. Балам қатты қорқып қалған. Қазір үйде жуынудан да сескенеді. Ал балабақшада барлық бөлмеде камера орнатылмаған", – деді Назым Қасенова.
Оқиғаға байланысты түсініктеме берген №21 балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Самал Ермағанбет жағдайға бейжай қаралмағанын айтты.
"Балабақша әкімшілігі барлық қажетті шараны қабылдады. Камерадағы жазбаларда тәрбиешінің көмекшісінің баланы ұрғаны дәлелденді. Қызметкер тәртіптік жаза ретінде жұмыстан шығарылды. Барлық материалдар полиция департаментіне жолданды", – деді ол.
Астана қалалық білім басқармасы да жағдайды растады. Қазіргі уақытта полиция ҚР Қылмыстық кодексінің "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бабы бойынша іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Денесінің 40%-ын шалған: Қызылорда балабақшасында екі жасар бүлдіршін ыстық суға күйіп қалды
Ал ата-аналар тек тәрбиешінің көмекшісі ғана емес, балабақшадағы жауапты барлық қызметкерлердің жауапқа тартылуын талап етуде.