Алдағы күндері елде аптап ыстық жалғасады. Синоптиктердің болжамынша, орталық өңірлерде термометр көрсеткіші 39 градусқа дейін жетуі мүмкін. Ал оңтүстікте күн 42 градусқа дейін ысиды. Осы орайда Almaty.tv тілшісі аптап ыстықтан қандай аурулар асқынуы мүмкін екенін анықтап көрді.
Жаз басталғалы еліміздің бірқатар аймағында күн күрт ысыды. Мамандар бұл құбылысты ғаламдық жылынудың салдарымен байланыстырады. Соңғы жарты ғасырда Қазақстанда орташа ауа температурасы 2,5 градусқа көтерілген. "Қазгидромет" дерегінше, алдағы күндері аптап ыстық әсіресе оңтүстікте күшейеді. Кей жерлерде сынап бағанасы 46 градусқа дейін көтеріліп, қалыпты межеден әлдеқайда асып түсуі мүмкін.
"Орталықта күндіз 35-39 градус қатты ыстық, облыстың оңтүстігінде 42 градус күтіледі. Шығыста түнде 12-23 градустан 17-25 градусқа дейін, күндіз 27-35 градустан 35-39 градусқа дейін жоғарылайды, 19 маусымда жекелеген аудандарда 40 градус болады. Оңтүстік-шығыста күндіз 35-39 градус, 18-19 маусымда кейбір аудандарда 42 градус ыстық күтіледі", – деді "Қазгидромет" РМК инженер-синоптигі Кеңшілік Ырыскүл.
Қатты ыстық әсіресе 65 жастан асқан адамдарға, 5 жасқа дейінгі балаларға және созылмалы ауруы бар жандарға қауіпті. Мұндай күндері күн өтуі, қан қысымының көтерілуі, жүрек пен бүйрек аурулары асқынуы мүмкін. Сондықтан ыстықта сыртқа көп шықпаған дұрыс. Дәргерлердің айтуынша, бұл уақытта ішек инфекциялары да көбейеді. Бұған санитарлық талаптардың сақталмауы мен тамақтың тез бұзылуы себеп болмақ.
"Егер туыстарыңыздың арасында жүрек, бүйрек созылмалы ауруымен ауыратын немесе жалғыз тұратын егде адамдар болса, оларға көмек қажет емес пе деп, жағдайын біліп отыру маңызды. Әсіресе мұндай күндері оларды далаға жалғыз жібермеуге тырысу керек. Егер күн астында ұзақ жүргеннен кейін басыңыз ауырып, айналып, жүрегіңіз айнып, денеңіз қызып кетсе, тез арада салқын жерге өтіп, су немесе аздап тәтті су ішкен дұрыс. Егер осыдан кейін жағдай жақсармаса, онда міндетті түрде жедел жәрдем шақырған абзал", – деді № 9 қалалық емхананың отбасылық дәрігері Эльмира Музрапова
Күннің ысуы салдарынан табиғи өрт қаупі де күшейеді. Бұл ретте төтенше жағдайлар қызметі қала сыртындағы шөптерді шауып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп әлек.
"Астана орманы мемлекеттік мекемесімен бірлесіп өрт қаупі кезеңінің алдын алу мақсатында орман желектерінде және елдімекендердің аумақтарында минералды жолақтар орналастырылып жатыр, сондай-ақ мердігер ұйымдар қамыс, құрғақ өсімдіктерді шауып жатыр", – деді ТЖД Есіл ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Әнес Сағадат.
"Қазгидромет" мамандарының айтуынша, аптап ыстық әлі де жалғасады. Бірақ артынша Қазақстанның басым бөлігінде нөсер жаңбыр және шаңды дауыл болуы мүмкін.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Астана