Жақында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Көрші елдің басшысын әуежайда мектеп оқушылары да күтіп алып, онымен тілдескен болатын. Олар Jibek Joly арнасындағы "Бүгін.Live" бағдарламасына сұқбат беріп, қытай тілін қалай еркін меңгеріп алғанын айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Оқушылар сарайындағы жетекшілерден және қытай тілі үйірмесінен үйрендік. Керемет әсер алдым. Осындай үлкен іс-шараға бірінші рет қатыстым. Екі елдің президентін қарсы алу деген – үлкен мәртебе. Сондықтан өзім ойдағыдай айта алдым деген ойдамын. Шаттыққа "сен Қытай тілін қайдан үйрендің?»" деген сұрақ қойды Қытай төрағасы. Ата-анам мен туылмай тұрып көшіп келген Қазақстанға, мен осында дүниеге келгем. Осы кездесуден кейін дипломат, президент болғым келіп кетті. Балалар, достарымыз бізді құттықтап жатты. Мен 7-сыныпқа көштім. Биыл Павлодар қаласындағы НЗМ грантына ие болдым", — деді Жансүйер Қайнарұлы.
Ал екі ел президентінің алдында өлең оқыған Шаттық Жолшыбек Қытай төрағасы келгенге дейін Қазақстан президентімен болған диалогын айтып берді.
"Қытай төрағасының "тілді қайдан үйрендің?" деген сұрағына "мен қытай тілін көп сөйлейтін жерлерде туып-өскенмін" деп жауап бердім. ҚХР-да дүниеге келдім. 2023 жылы көшіп келдік Қазақстанға. Біз Си Цзиньпин атамызды күтіп тұрғанда Тоқаев атамыз маған қытайша "сен неше жастасың?" деп сұрады. Мен қытайша "он жастамын" деп жауап бердім. Біз үйде шай іштік, торт жедік. Туыстарымызды шақырып, атап өттік", — деді Шаттық Жолшыбек.
Оқушыларға қосымша білім беретін педагог Жанар Кәкеше қытай тілін үйреніп жүрген жас өрендер жайлы айтты.
"Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында 86 оқушы үйренеді бізде. Астана қаласы бойынша нақты білмеймін. Әбілхан Әмина апайымыз бар, екеуміздің алдымызға 86 оқушы келеді. Біз енді қосымша білім беру орталығы болғандықтан, "қытай тілі" үйірмесіне 3-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Бізде иероглифтер жазу керек. Соған 1-2-сынып оқитын балалар сәл ілесе қалмай, кейін қалып қалады. Бірақ ілесіп жүре берсінші деп айтатын ата-аналар бар. Бірақ негізі 9-сыныптан бастап қабылдаймыз", — деді ол.