Қаржының жалпы көлемі — 1,5 миллиард юаньды құрайды .
Бұл туралы Астанада өткен "Орталық Азия – Қытай" ІІ саммитінде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Аталған қаржы 108,3 млрд теңге немесе 210 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл ақша халықтың әл-ауқатын жақсартуға және олардың жеке дамуына ықпал ететін маңызды жобаларды қолдауға жұмсалады, – деді Си Цзиньпин.
ҚХР Төрағасы сондай-ақ алдағы 2 жылда Орталық Азия елдеріне кәсіби дайындық курстарына қатысу үшін 3000 квота бөлуді көздеп отырғанын айтты.
Сонымен қатар Си Цзиньпин Орталық Азия елдерін Жібек жолы жобасына қатысуға шақырды. Одан басқа бірлескен жоғары технологиялық кәсіпорындар мен инновациялық парктер құруды ұсынды.
Айта кетейік, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында "Орталық Азия – Қытай" ІІ саммиті өтіп жатыр. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Ци Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.
А н ы қ т а м а:
"Орталық Азия – Қытай" іскерлік кеңесі 2023 жылғы мамырда Сиань қаласында (ҚХР) өткен "Орталық Азия – Қытай" бірінші саммиті шеңберінде құрылған. Кеңес құру бастамасы Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстан көшбасшылары қол қойған Сиань декларациясында бекітілді. Оның құрылтай отырысы 400-ден астам бизнес өкілін біріктіріп, Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге негіз болуда.