"Отбасы банк" "Наурыз" бағдарламасы бойынша ипотекалық несие беруді уақытша тоқтатты. Осы айда тек кейбір тұтынушылар несие ала алады. Мұның себебін банк өкілдері түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Отбасы банктің" мәліметіне сай, 2025 жылы "Наурыз" бағдарламасы бойынша 2 499 қазақстандық тұрғын үй сатып алды, сондай-ақ 1500 адам жаңа "Наурыз жұмыскер" бағытының арқасында баспаналы болды.
Алайда маусым айында кейбір қазақстандықтар бағдарлама бойынша іріктеуден өтіп, қатысушы атанса да, ипотекалық несие алуда қиындықтарға тап болған.
Мұның себебі неде
Банк өкілдерінің мәліметінше, бұл шектеу уақытша енгізілді. Себебі – "Наурыз" бағдарламасына деген сұраныстың жоғары болуына байланысты қарыз беру қаржыландыру жоспарынан асып түскен.
"Наурыз" бағдарламасына қатысушыларға кредит беру үшін "Отбасы банк" KASE-де (Қазақстан қор биржасында — ред.ескертпесі) әлеуметтік облигацияларды орналастыру арқылы қаржы тартады. Биыл банк облигацияларды биржада екі рет орналастырып, 85,02 млрд теңге тартқан. Ал "Наурыз" бағдарламасы басталған үш айдың ішінде қатысушыларға жалпы көлемі 105,8 млрд теңге сомасына қарыздар берілді.
Сондықтан банк заемдар беруге уақытша лимит енгізеді.
Маусым айында кепіл шартын тіркеген, заем кестелері мен шарттарына қол қойған қатысушылар ғана қарыз алады. Қалған өтінімдерге келесі айда жаңа лимит ашылған кезде қызмет көрсетіледі.
Айта кетерлігі, құрылыс компанияларындағы брондалған пәтерлер клиенттердің атында қалады, берілген мақұлдаулар бойынша барлық міндеттемелер сақталады. Сондай-ақ банк заем алу сатысында тұрған әрбір клиентпен байланысады және қарыз беру қайта басталғаны туралы хабарлайды.