Елімізде бетті тұтас жауып тұратын киімдерге тыйым салу туралы ұсыныс қоғамда қызу талқыланып жатыр . Бұл мәселе әлі заң ретінде қабылданған жоқ, бірақ талқылау жүріп жатқанын ресми ақпарат көздері растап отыр.
Болжам бойынша, алдағы уақытта бұл тақырып қоғамда үлкен пікірталас тудыратыны анық. Себебі бетті толық тұмшалап жүруді кейбір азаматтар діни еркіндікпен байланыстырады. Сондай-ақ ондай тыйымды өз құқықтарына қол сұғу деп қабылдайтындар да бар. Caravan.kz медиа порталы аймақтағы тәжірибені саралап, сарапшылардың пікіріне сүйене отырып тақырыпты жалғастырады.
Алайда ұсынылып отырған бұл заң ең алдымен қоғамдық қауіпсіздік үшін қажет екені айтылып отыр. Бет-әлпетін толық тұмшалап алған адамды тану қиын. Ол кім: ер адам ба, әйел адам ба, қылмыскер ме, іздеуде жүрген адам ба — мұны бейнебақылау камералары да, арнайы қызметтер де оңай анықтай алмайды. Мұндай киім киген адамды тексеру де қиынға соғады. Егер арнайы заң қабылданса, құқық қорғау органдары осындай жағдайларда заңға сүйене отырып тексеру жүргізе алады.
Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдерінде де бұл тәжірибе біраз уақыттан бері енгізіліп келеді. Мәселен, Тәжікстан бұл мәселені бір жылдан аса уақыт бұрын заңдастырып, бетті тұмшалайтын киімдерге тыйым салды. Қазір Тәжікстанда бұл талап белсенді түрде бақылауға алынған. Ел билігі бұл шектеуді ұлттық қауіпсіздік және дәстүрлі мәдениетті қорғау үшін енгізгенін түсіндіреді.
Қырғызстанда да соңғы уақытта бетті жабатын киімдерге қатысты шектеулер күшейе түсті. Жақында ғана Қырғызстанның құқық қорғау органдары бетін тұмшалап жүргендерге көшеде ескерту жасап жүргені туралы видеолар тарады. Бұл қоғамда үлкен талқылау тудырды. Бір тарап шектеуді қолдаса, екінші тарап діни еркіндік шектелді деп наразылық білдірді.
Өзбекстан болса, бұл мәселеге ең алғашқылардың бірі болып назар аударды. Бүгінде Өзбекстанда бетті толығымен жабатын киім киюге шектеу қойылған. Бұл шектеу де қауіпсіздік және ұлттық құндылықтарды сақтау үшін енгізілді.
Түркіменстан жабық ел болғандықтан нақты ақпарат алу қиын, бірақ ашық дереккөздер бойынша, бұл елде де бетті тұмшалайтын киім кию шектелген.
Қазақстанда ұсынылып отырған заң жобасына сәйкес, бетті жабатын киімдерді тек кейбір ерекше жағдайларда киюге рұқсат етіледі. Мысалы, медициналық себептер бойынша, арнайы қызметтік міндеттерді атқару кезінде, спорттық немесе мәдени іс-шараларға қатысқанда бетті жабуға болады. Ал күнделікті өмірде, әсіресе қоғамдық орындарда, бетті тұтас жабатын киім киюге тыйым салу ұсынылып отыр.
Бұл шектеу Қазақстандағы геосаяси жағдайға да байланысты болып отыр. Қазір елімізге шетелден келетін азаматтардың, мигранттардың, босқындардың саны аз емес. Сондықтан қауіпсіздікті күшейту қажеттілігі артып отыр. Мемлекет ұсынған бұл заң қауіпсіздік мақсатында қабылданбақ. Ал адамның үйінде не киетіні әркімнің жеке шаруасы.
«Бұл ұсыныс қауіпсіздік үшін өте орынды деп ойлаймын. Аймақтағы көрші елдердің тәжірибесін ескерсек, Қазақстан да осы бағытқа бет алғаны заңды қадам сияқты. Ең бастысы қоғамдық орындарда тәртіп пен қауіпсіздік қамтамасыз етілсе, ал адамның жеке діни сенімі мен киіну еркіндігі өз үйінде шектелмейді», — деп пікір білдірді саясаттанушы Асхат Қасенғали.