Атырауда картоп пен көкөніс қымбаттап жатыр. Мамандар бағаның өсуіне әсер еткен негізгі факторларды атады. Бұл – әлеуметтік кәсіпкерлік корпарацияларында көкөніс қорының жеткіліксіздігі және белгіленген сауда үстемесінің асып кетуі, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Қалада халық күнделікті тұтынатын сүт өнімдері мен ет 2 пайызға, картоп 7, пияз 13, қырыққабат 20,3 пайызға қымбаттаған. Теңгемен айтсақ, картоптың бір келісі 500 теңгеге жуықтаған. Уақ пияздың өзі 350-ден саудалануда.
Картоп алтын сияқты
"Картоп алтын сияқты. 400-500 теңге. Алуға кез келген кісінің жағдайы келмейді", "Жаңа 7 келі етті 3800-ден алдым. Фарш та сондай. Бәрі қымбат қой. Картоптар — 450. Ол да оңып тұрған картоп емес, аралап-аралап аласың", — дейді тұрғындар.
Ал саудагерлер бұрынғыдай сауда жоқ дейді.
"Енді мен де нан табу үшін тұрмын ғой. 50 теңге қосамын, 50 теңге қосқаныммен бұның ішінде қырғын шірігі шығады ғой. Жүк тасушы 1 қап жуа алып келе ме, оған 200 теңге ақшасын берём. Ішетініміз бар, жейтініміз бар", — дейді сатушы Гүлбаршын Дінқуатова.
Пәкістаннан келген
Картоптың алтынға теңелуінің себебі бар. Пәкістанның биылғы өнімі Атырауға тоңазытқышы бар арнайы көлікпен тасымалданады. Өзіндік құнына логистика қосылады. Делдалдар үлесі тағы бар.
"Жақсы өнімді аламын десе, ол — қымбат. Пәкістаннан келген, Өзбекстаннан келген өнім. Былтырғы өнім алам десе, ол да бар. Сапасы жеуге келеді. Бірақ қарайған, өзіңіз білесіз ғой, былтырғы болған соң. Картоп Павлодар, Пияз Тараздан, Қырыққабат Өзбекстан, Шымкенттен, сәбіз жергілікті", — дейді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Алтынай Ерубаева.
Қазір облыс орталығында апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Онда кәсіпкерлер өз өнімін халыққа делдалсыз сатады. Есесіне тұрған орны мен шатыры тегін. Осылайша шарықтаған бағаны сәл де болса қолжетімді етуге тырысып жатыр. Ал мамандар жазға таяу сүт өнімдері мен ет бағасы арзандайды деп болжап отыр.
Қостанайда сиыр еті қымбат
Қостанайда да азық-түліктің арзандайтын түрі жоқ. Баға ырыққа көнер емес. Көпшіліктің айтуынша Қостанайда сиыр еті қымбат. Қой етінің құны да құбылып тұр. Сары майдың келісі жеті мың теңгеге жеткен.
"Ет қымбат. Бәрі де қымбаттап жатыр. Сүт те, май да, бәрі де қымбат. Майдың бағасы масқара қазір", "Сүт өнімдері қымбаттады. Жұмыртқа бағасы түспей жатыр", "Картоп қымбаттап тұр —400-390 теңге. Фарш қымбаттады. 2800 теңге болған, қазір 3300 теңгеге кетіп қалған", — дейді тұрғындар.
Тобыл өңірінде сиыр етінің келісі 4 мың теңгеден асып кетті. Көк базарда көкөніс бағасы сәл арзандаған көрінеді. Қызанақтың келісі бұрын 1500 теңге болса, бүгін 1 мың теңгеге түскен. Қиярдың келісін 600 теңгеге табуға болады. Ал картоп құны қымбат — 400 теңге. Қалалық билік өкілдері ірі сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құны тұрақты деп сендірді.
"Мамыр айында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан 1223 тонна азық-түлік дүкендерге жеткізілді. Түркістан облысынан арзан бағамен қырыққабат алдыртып жатырмыз. Келісі 160 теңгеден болады. Осыған дейін ауылшаруашылық тауарларының 19 жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда өнім 15 пайызға төмен бағада сатылады", — дейді қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Еркін Әубәкіров.
Қостанайдағы елуден астам супермаркетте 15 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатылады. Оның бағасын қалалық бөлім бақылауда ұстап отыр. Бірақ базардағы баға ырыққа көнбей тұр.