Осы айдың 14-15 күндері Бурабай кентінде (Ақмола облысы) триатлоннан халықаралық жарыс өтіп, оған Қазақстан, Беларусь, Чехия, Германия, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Эстония, Түркия, Өзбекстан, Жапония елдерінен 120-дан астам спортшы қатысты. Қазақ триатлеттері Бурабайдағы халықаралық жарыста жарқырады: үш алтын және жасөспірімдер арасында толық подиум. Турнир World Triathlon халықаралық федерациясының құрлықтық күнтізбесі аясында өтті және Азия мен әлем чемпионаттарына дайындықтың маңызды кезеңі болды. Жарыс жолдары көлдер мен ормандар арқылы өтті, сөйтіп, әділ әрі әдемі жарыс үшін тамаша жағдай жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Элита санаты үшін стандартты олимпиадалық қашықтық қолданылды: 1500 м жүзу, 40 км веложарыс және 10 км жүгіру, ал жасөспірімдер мен қыздар үшін – спринтерлік қашықтық: 750 м жүзу, 20 км велокезең және 5 км жүгіру.

Элита, ерлер: Қазақстан атынан қатысқан Дарын Қонысбаев жеңімпаз атанды. Ол барлық кезеңде тұрақты өнер көрсетіп, мәре сызығында қарқынды финиш жасап, нәтижесінде — 1:46:28 уақыт көрсеткішімен Роман Миневті (Ресей) және Тиль Крампты (Германия) басып озды. Екінші және үшінші орындарды тиісінше осы спортшылар иеленді.

Жасөспірім қыздар: Алтын медальды отандасымыз Диана Ержанова жеңіп алды – 1:08:20. Күміс – Диана Биктимирова (Өзбекстан), ал қола медаль – Анель Исабаеваға (Қазақстан) бұйырды. Ол 1:10:54 нәтижесімен мәре сызығын кесіп, соңғы жүгіру кезеңінде табандылық пен төзімділік танытты.

Жасөспірім ерлер: Қазақстан спортшылары толық подиумды иеленді:

Елмұрат Қанай – 59:57 (алтын), Илья Крупяков – 1:00:05 (күміс), Рамазан Айнегов – 1:00:21 (қола).

Бұл командалық жетістік елдегі жас триатлеттер мектебінің жүйелі және сапалы дайындығын көрсетеді.

15 маусымда өткен әуесқойлар жарысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 150-ден астам қатысушы жиналды. Федерация вице-президенті Қайыргелді Жандос:

«Бурабайдағы жарыс World Triathlon күнтізбесіндегі маңызды кезеңге айналды. Көлдер мен қарағайлы ормандар аясындағы көркем маршруттар спортшылар үшін ерекше жағдай жасады. Ауа райының құбылмалы болуына қарамастан, жарыс шынайы спорт мерекесіне айналып, кәсіби және әуесқой спортшыларды біріктірді», деді.

Бурабайдағы жарыс – Қазақстан триатлон спорты үшін үлкен жетістік. Әртүрлі жас санаттары мен қашықтықтарда қол жеткізілген жеңістер – еліміздегі спорт дамуының жоғары деңгейін дәлелдейді. Турнир жоғары ұйымдастыру деңгейінде өтті және ол спорттық достық пен халықаралық ынтымақтастықтың нышаны болды.

Айта кетелік, жарыстың бас демеушісі «ERG Көмек» корпоративтік қоры, ал ұйымдастырушылары: Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, «Спортты дамыту дирекциясы» РМК, «Қазақстан триатлон федерациясы» ҚБ, Ақмола облыстық триатлон федерациясы.