Инесса Высоцкаяны Ертіс-Баян өңіріндегі аналардың көбі кіндік шешеміз деп мақтан тұтады. Ақ желеңді абзал жан ауруы асқы­нып алдына келген мыңдаған анаға операция жасап, сәбилерінің өмірін құтқарып қалған. Әріптестері оны өз ісінің маманы ретінде құрметтейді.

Инесса Валерьевна 1997 жылы Семей мемлекеттік медициналық академиясын тәмамдаған соң, туған қаласы Павлодарға оралуды жөн деп шешті. Мұнда бірден аналарды босандыру қызметіне араласып, перзентхана ісін тәжірибе тұрғысынан меңгере бастады. Бүгінде бұл қызметте қатарынан 28 жыл еңбек етіп жатыр. Қазіргі қызметі – өңірлік перинаталдық орталық бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары.

«Перинаталдық орталық – қатер­лі топтағы жүкті әйелдерге босану үс­тіндегі, босанғаннан кейінгі ке­зең­де жоғары маманданған аку­шерлік-гинекологиялық және нео­натологиялық көмек көрсететін, сонымен қатар шала туған нәрестеге кү­тім жасайтын еліміздегі ең ірі ме­ке­­менің бірі. Кез келген операцияның түрін жасауға мамандандым. Ауруы асқынған, іштегі сәбиінің патоло­гиялық белгілері бар аналар үзбей түсіп жатады. Олардың барлығына көмек көрсету, жанына сүйеу болу, өзінің және сәбиінің өміріне араша түсу – күнделікті жұмысымыздың басты миссиясы», дейді дәрігер.

Әріптестері кейіпкеріміздің үнемі алғы шепте жүретін кәсіби маман екенін айтады. Ең күрделі, көлемді операция оған тапсырылады. Әсіресе ана бойындағы түрлі акушерлік ауытқулар мен аурулар кезінде операция жасау – ең қиын үдеріс. Мұндай кезеңде ананың жатырымен байланысты ішкі ағзаларын сақтап қалуға көбірек көңіл бөлінеді. Іштегі сәбидің ұрықжолдасы көп жағдайда өзге мүшелерге, жатырға жабысып қалатыны бар. Кесарь тілігі арқылы жасалатын операция жасау сәтінде дәрігерлер ағзаның өзге мүшелеріне мейлінше зақым кел­меуін қадағалайды. Мұндай күр­делі әрі ауыр операцияларды пери­­­­наталдық орталық мамандары кейінгі 15 жылда үзбей жасап жүр.

«Әр дәрігердің өз жолы бар. Акушерлік істе әдетте өзгеріс көп бола қоймайды. Себебі аналардың табиғи босануы ежелден жалғасқан үдеріс қой. Бірақ кейінгі уақытта аналар мен іште жатқан шақалақтар­дың бойында көптеген ауытқу жиі кездесуіне орай акушерлік-гине­кологиялық салада көптеген ауқымды өзгеріс болып жатыр. 2008 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша салмағы 500 грамм болатын балаларды босандырып алу нормасы қабылданған. Яғни ана мен баланың денсаулығына қауіп төніп тұрса, жүктіліктің 22 аптасынан бастап босандырып аламыз. Есте қалған бір жағдай, 2019 жылы салмағы 470 грамм болатын сәбиді аман-есен дүниеге әкелдік. Ол бала қазіргі уақытта аман-есен, өз қа­тарластарын әлдеқашан қуып жетті. Ең бастысы – сәбиді тірі алып қалу», деп әңгімесін сабақтай түсті дәрігер.

Сөз соңында Инесса Валерьевна әр медицина қызметкерінің мақсаты адамдарға қызмет ету екенін еске салды. Ал перинаталдық істе жылдам ойланып, шұғыл әрекет ету, жылдам шешімдер қабылдау маңызды. Дәрігердің міндеті – ана мен сәбидің өмірін барынша аман қалуға тырысу. Ана жүктілік кезеңінде барлық факторларды есепке алып, дәрігер мамандардың бақылауында болуы керек. Мамандардың ақыл-кеңесіне үнемі құлақ түріп, ықтимал қауіп­ті жайттардың алдын алып отырса, өмірге дені сау сәби әкелудің мүмкіндігі арта түседі.

Павлодар облысы