Смартфондар тек ересектердің ғана емес, балалардың да өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Аналитиктер шағын зерттеу жүргізіп, 2025 жылдың алғашқы бес айында Қазақстандағы балалар қай қосымшаларда көп уақыт өткізгенін анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, балалар смартфондар арқылы көбінесе бейнеплатформаларға кірген.

Бірінші орынды айтарлықтай басымдықпен YouTube иеленді – жалпы уақыттың 29%-ы осы қосымшаға тиесілі. Екінші орында – TikTok (16%). Үздік үштікті WhatsApp (14%) аяқтап тұр.

Ал компьютер арқылы балалар ең көп уақытты Google Chrome (32%) және Microsoft Edge (12%) браузерлерінде өткізген.

"Танымал бағдарламалар қатарында ойын қосымшалары да бар – Roblox (9%) және Discord (8%)", – делінген 2025 жылдың 12 маусымында жарияланған Kaspersky Safe Kids есебінде.

Алайда мамандар киберқылмыскерлер қолданушылардың талғамын бақылап, өз схемаларын танымал қосымшаларға қарай бағыттайтындығын айтты.

Балалардың онлайн қауіпсіздігі бағытының жетекшісі Андрей Сиденко мұқият болуға кеңес береді:

"Алаяқ немесе зиянды контентпен кез келген жерде ұшырасуға болады. Мысалы, қаскөйлер YouTube-те танымал ойынға арналған бейне жариялап, сипаттамасында тегін қосымша немесе чит жүктеп алуға сілтеме ұсына алады. Егер қолданушы осы айлаға түссе, құрылғысына вирус жұғуы мүмкін. Сондықтан интернеттегі кез келген ақпаратқа сыни көзқараспен қарап, күмәнді сілтемелерге өтпеу және күмәнді ресурстарға жеке немесе төлем деректерін енгізбеу маңызды", – дейді Андрей Сиденко.

Интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін:

  • барлық аккаунттарға күрделі әрі бірегей құпиясөз орнату қажет. Ол ұзын, әртүрлі регистрдегі әріптерден, сандар мен арнайы белгілерден тұруы тиіс;
  • қосымша мүмкіндік болған жағдайда екі факторлы аутентификацияны қосу керек;

Бұған дейін некені тіркеуге өтініш беру кезінде не нәрсеге назар аудару керек екенін жазған болатынбыз.